Патшаның қойын бағатын шопан керек: Ұлыбританиядағы корольдік фермаға жұмысшы іздейді
АСТАНА. KAZINFORM – Чарльз III-тің сүйікті демалыс орны Сандрингемдегі фермада 2000-ға жуық қой бар. Сандрингем сарайының сайтында жаңа бос орын пайда болды: Чарльз III-тің меншігіндегі корольдік қойларын бағуға жаңа тәжірибелі шопан іздеп жатыр.
Бос орын туралы хабарламаға сәйкес, Сандрингемдегі ферма 200 гектардан астам жайылымды қамтып, қой мен ірі қара мал өсіреді. Онда 2000-ға жуық патша қойы бар.
Ұлыбритания азаматтарының осы лауазымға өтініш беру үшін кемінде екі жылдық тиісті тәжірибесі, жүргізуші куәлігі және жеке иті болуы керек.
«Мал шаруашылығына құмар, көкірегі ояу, білім мен өсуге бейім үміткерлерге» басымдық беріледі. Өтініш беруші «жануарлардың ең жоғары стандарттарын сақтай алатын» болуы керек.
Жұмыстың негізгі бөлігі күн сайын мал бағу, сонымен қатар қыс пен көктем айларында табынды ұстауға көмектесу. Өтінімдерді берудің соңғы мерзімі — 27 қыркүйек.
Сандрингем — Король Чарльз III мен Ұлыбритания патшайымы Камилланың сүйікті демалыс орны. 2019 жылы Чарльз ханзада болған кезде қала сыртындағы фермада мал санын көбейтуді бұйырды. Ол ферманы 2022 жылдың қыркүйегінде анасы патшайым Елизавета II қайтыс болғаннан кейін мұра ретінде менішігіне алған.