Павел Дуров Digital Bridge-2025 форумына қатысу үшін Астанаға келеді

АСТАНА. KAZINFORM — Telegram мессенджерінің негізін қалаушы әрі СЕО-сы Павел Дуров 2025 жылғы 2 қазанда Астанада өтетін Digital Bridge форумының пленарлық отырысында сөз сөйлейді. Бұл туралы ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев әлеуметтік желідегі парақшасында хабарлады. 

Павел Дуров
Фото: news.ru

Сол күні Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Alem.ai халықаралық жасанды интеллект орталығының ашылуы жоспарланған.

Форумның басты сессиясында әлемдік технология индустриясының спикерлері қатысады: БАӘ-нің жасанды интеллект, цифрлық экономика және қашықтан жұмыс істеу жөніндегі мемлекеттік министрі Омар Сұлтан әл-Олама, Sinovation Ventures компаниясының негізін қалаушы және бас директоры Кай-Фу Ли, Стэнфорд университетінің профессоры Илья Стребулаев, Google компаниясының зерттеулер жөніндегі директоры, Стэнфорд университетінің ғылыми қызметкері Питер Норвиг.

Сессия модераторы — Solana Foundation президенті Лили Лю.

Форум аясында үздік AI-жобалардың питч-сессиясы өтеді.

Финалға шыққандар төрт санат бойынша, соның ішінде мектеп оқушылары, колледждер мен жоғары оқу орындарының студенттері, стартап-командалар өз әзірлемелерін халықаралық сарапшыларға, инвесторларға және мемлекеттік органдар өкілдеріне таныстырады.

Іс-шара Қазақстанның Generative Nation тұжырымдамасы аясындағы әлеуетін көрсетіуге бағытталған.

Еске сала кетейік, бұған дейін Enbek.kz порталында жасанды интеллект 50 мыңнан астам бос жұмыс орнын ұсынғаны хабарланған еді.