Павел Дуров Қазақстанда өтетін IOAI-2026 жеңімпаздарына NFT-марапаттар бермек
АСТАНА. KAZINFORM – Павел Дуров Жасанды интеллект бойынша халықаралық олимпиада (IOAI 2026) жеңімпаздары үшін арнайы NFT-марапаттар тағайындады. Бұл туралы Қазақстанның спорттық бағдарламалау федерациясының президенті Бағдат Мусин мәлімдеді.
– Осыдан екі жыл бұрын Президент қолдауымен Астана әлемдегі ең беделді бағдарламалау жарыстарының бірі – Grand TBC World Finals турнирін қабылдады. Бүгін біз сол жолды жалғастырып отырмыз. Бұл олимпиада – Президент саясатының, сондай-ақ Қазақстанның цифрлық мемлекет құруға және жаңа буынға инвестиция салуға деген берік ұстанымының айқын көрінісі. Ал бүгін сол жаңа буын осы залда бас қосып отыр. Әлемнің 106 елінен келген 400-ден астам дарынды жас өзара бақ сынауға жиналды, – деді Бағдат Мусин.
Оның айтуынша, олимпиаданың құндылығы оның ауқымында емес. Оның басты құндылығы – дәл осы жерде отырған жас таланттар.
– Сіздер әртүрлі мәдениет пен ортадан келдіңіздер. Бірақ баршаңызды бір мақсат біріктіреді, ол – адамдардың өмірін жақсартатын технологиялар жасау. Мен сіздердің әрқайсыңыз жасанды интеллектінің келешегін айқындайтын болашақ технологиялық көшбасшылар екендеріңізге шын жүректен сенемін. Бүгінде әлемге танымал көптеген технологиялық компанияларды сіздер сияқты олимпиадалық ортадан шыққан адамдар құрған. Бәлкім, келесі ірі жасанды интеллект компаниясының негізін қалаушы дәл қазір осы залда отырған шығар, – деді федерация басшысы.
Халықаралық бағдарламалау федерациясы мемлекет, ғылым және бизнес өкілдерімен бірлесіп, Президенттің AI SANA бағдарламасы аясында оқушылар мен түрлі сала мамандарына жасанды интеллект негіздерін үйретіп, ЖИ дәуіріне дайын Қазақстанды қалыптастырып келеді.
– Сөз соңында тағы бір жаңалықпен бөліскім келеді. Біздің досымыз Павел Дуров бүгін арамызға келе алмағанымен, IOAI олимпиадасының қатысушыларын қолдағысы келді. Сондықтан ол олимпиада жеңімпаздары үшін арнайы 214 эксклюзив сыйлық әзірледі. Әрбір жүлдегер осындай ерекше марапатқа ие болады. Павел Дуров бұл сыйлықтардың өмір бойына сақталатынын атап өтті. Ал олардың бірегейлігі мен шектеулі саны уақыт өте келе құнын одан әрі арттыруы мүмкін, – деді Бағдат Мусин.
Жүлдегерлерге бірегей цифрлық кубоктар табысталады. Telegram компаниясы бұл марапаттарды белгілі бір ең төменгі бағамен кері сатып алуға кепілдік береді. Бұл – жасанды интеллект саласындағы дарынды жастарды қолдауға бағытталған бастама.
Айта кетейік, Астанада өтіп жатқан ЖИ олимпиадасына 106 елдің командасы жиналды.
Бұған дейін Б. Мусин IOAI-2026 олимпиадасы болашақ технологиялық көшбасшылар мен кәсіпкерлерді тәрбиелеуге ықпал ететінін айтқан еді.