Павлодар архивтерінде құжат сақтау орындары тапшы
ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Ертіс-Баян өңіріндегі мемлекеттік архивтерде жалпы саны 1 млн 300 мыңнан астам құжат сақтаулы.
Облыстық мемлекеттік архивтің бір өзінде бүгінде 1 млн 79 мың құжат бар. Мекеменің сақтау ғимараты небәрі 500 мың дана құжатқа арналған. Осыған орай тарихи құжаттарды сақтау орны жетіспей отыр.

- Жалпы облыстағы архивтердің барлығында орындар толуға жақын немесе толып тұр. Сақтау орындарын көбейтуге қатысты жауапты министрлікке ұсыныстарымызды жіберіп, жаңадан қосымша ғимараттар салуға оң шешім алғанбыз. Бірақ былтыр бюджеттік шығындар оңтайлануға байланысты бұл жобалар тоқтап қалды. Биыл аудан-қалаларда жобалар қолға алына бастайды деген сенімдеміз. Бірді-екілі ауданда ғана коммуналдық желілерге, жерге байланысты мәселелер шешілмеген. Егер құрылыс қаражаттары шешілетін болса, ол мәселелерді шешуге болады. Жаңа ғимараттар кезең-кезеңімен тұрғызылады. Қазіргі жұмыс істеп тұрған архив мекемелерінің тек екеуі ғана типтік ғимарат болып есептеледі (екеуі де облыс орталығында). Қалғаны бейімделген ғимараттар, - дейді облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысының орынбасары Саяуыш Сәдуақасов.

Облыстық архивте сақталған құжаттардың ең ескісі 19-ғасырдың басына тиесілі. Ал қордың денін өткен ғасырдың басынан бергі құжаттар құрайды. Архив саласында маман тапшылығы аса байқалмайды. «Архив 2025» бағдарламасы аясында құжаттарды цифрландыру жалғасып жатыр. Бүгінге дейін 150 мыңнан астам құжат цифрланса, олардың басым бөлігі мемлекеттік іс құжаттарынан тұрады. Алдағы уақытта жеке тектік құжаттар да цифрлық жүйеге көшеді деген жоспар бар. Биыл облыстық архивтің қосымша 40 мыңдай құжатты электронды түрде таныстырамыз деген жоспары бар.

Айтып өтейік, биыл облыстық архивке қарайтын ғимараттың біріне жөндеу жүргізіледі. Қазір қазынадан қаражат бөлініп, мердігерді анықтау бойынша конкурстық іс-шаралар жүріп жатыр.
Еске сала кетейік, Павлодарда неолит кезеңіңде жасалған қыш құмыралар сақталып тұр.