«Павлодар» арнайы экономикалық аймағында биыл жеті кәсіпорын іске қосылады
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Облыс әкімі Болат Бақауов «Павлодар» арнайы экономикалық аймаққа барып, ол жерде индустриялық жобалардың жүзеге асырылу жайымен танысты, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.
«Павлодар» АЭА» басқарма төрағасы Айбек Тұрсынғалиев ақпарат жеткізгендей, бүгінде арнайы экономикалық аймақта 22 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Солардың жетеуі биыл іске қосылады.
- Проблемалық жобалардың бірі түрік инвесторлары орындауға кіріскен фольга өндіру бойынша Kazfoil жобасы, - дейді Айбек Тұрсынғалиев. – Олар мерзімнен кешігуде. Түрік өкілдерінің айтуынша, қазіргі кезде құрал-жабдықтарды жеткізу мәселесі қарастырылуда.
Сонымен бірге, олардың орнын басатын дәл сондай өнім шығаратын компаниялармен келіссөздер жүргізілуде. Жоспардан сәл кешіксе де, уақтылы бой көтеретін кәсіпорындардың бірі – «ЕртісНефтесервис» ЖШС. Компания директоры Амангелді Шәріповтің айтуынша, кәсіпорын жылына 2,5 мың тонна дизельдік жанармайға арналған қосымшалар шығара алатын болады.
- Технологиялық мәселелерге байланысты жұмыстарды сәл кешіктірдік, - дейді Амангелді Шәріпов. – Дегенмен, зауыт жоспарға сәйкес биылғы жылдың төртінші тоқсанында пайдалануға беріледі. Жобаның құны 467 миллион теңге. Зауыт іске қосылғаннан кейін мұнда 30 адам тұрақты жұмыспен қамтылады.
Тағы бір тың жоба – «СпецПромСервис» ЖШС. Кәсіпорын арнайы экономикалық аймақта орналасқан зауыттардың қалдықтарын қайта өңдейтін болады. Жоба құны 150 миллион теңге.
- Бүгінде барлық құжаттарды қолға түсірдік, - дейді «СпецПромСервис» ЖШС құрылтайшысы Исләм Құсайынов. – 1,5 километр электр сымын тартудамыз. Құрылыс алаңы дайын.
Облыс әкімі аталған кәсіпорынның экологияға сәйкестігін жіті зерттеуді тапсырды.