Павлодар ауданында еріген қар суы көп балалы отбасының үйін басып қалды

ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - Павлодар ауданында еріген қар суы көп балалы отбасының үйін басып қалды. Бұл туралы ҚазАқпарат @Pavlodarnews.kz.сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Павлодар ауданында еріген қар суы көп балалы отбасының үйін басып қалды

Павлодар облыстық төтенше жағдай департаментінің баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, үйді су басу оқиғасы бүгін, яғни 31 наурыз күні сағат 17:47-де болған.
- Павлодар ауданының Рождественка ауылында ТЖД және жергілікті атқарушы органдардың күшімен еріген қар суын сору жұмыстары жүргізілуде. Оқиға орнына ТЖ департаментінен 4 қызметкер мен 1 техника және 2 мотопомпа, жергілікті атқарушы органдардан 1 қызметкер және 1 мотопомпа жұмылдырылды, - делінген хабарламада.

Ал Рождественка ауылдық округінің әкімі Рашид Галеевтің айтуынша, еріген қар суы ауыл ішін лезде басып қалған. Жалпы, мұнда биыл су жарты метрге дейін көтерілген.
- Су басқан үй ауылдағы Абай көшесінде орналасқан. Бұл өзге көшелердің деңгейінен төмен. Еріген қар су осы көшеге үлкен ағынмен барды. Су тасқынынан көп балалы отбасы тұратын Абай көшесіндегі 67 үй зардап шекті. Қазір бұл отбасы Розовка ауылындағы әжесінің үйіне уақытша қоныстанды, - деді ауыл әкімі.