Павлодар базарларында нитраты көп пияздар сатылып келген
ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - Павлодар қаласының базарларында көкөністердің құрамындағы нитратты анықтау мақсатында экспресс-зерттеу жүргізілді. Бұл туралы бүгін өңір әкімдігінде өткен жиында облыстық мәслихаттың хатшысы Бақыт Бексейітова мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат pavlodarnews.kz сайтына сілтеме жасап.
«Қауіпсіз тамақтану бойынша сатып алушылардың арасында сауалнама ұйымдастырылды. Оған қоғам денсаулығын қорғау департаментінің өкілдері мен депутаттар қатысты. Зерттеу нәтижесінде пияздың құрамында нитраттың шамадан тыс артқаны анықталды. Базарлардың басшыларына бұл кемшілікті жою және құрамында нитраты бар тауарларды өткізбеу бойынша нұсқама берілді», - дейді Бақыт Бексейітова.
Сонымен қатар, депутаттардың бастамасы бойынша департаменттің мамандарымен бірге облыс орталығындағы дүкендердегі балалар ойыншықтарының қауіпсіздігіне мониторинг ұйымдастырылған. Зерттеу нәтижесінде Еуразия экономикалық одағының техникалық регламентінің сақталмау фактілері анықталған. Қауіпті өнімдер саудадан алынды. Дүкендердің басшыларына санитарлық-эпидемиологиялық қауіпсіздік саласындағы олқылықтарды жою тапсырылды.