Павлодар қаласында тағы бір қазақ мектебі ашылады

ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Павлодар қаласының «Достық» ықшам ауданында тұрғызылып жатқан 1200 орындық жаңа мектеп тек қазақ тілінде білім беретін болып шешілді. Бүгінде облыс орталығындағы 43 мектептің 11-і - қазақ мектебі.

мектеп
Фото: Павлодар қаласының білім беру бөлімі

Бұл турлы Павлодар қаласының білім беру бөлімі хабарлады.

- Біз жергілікті тұрғындардың тілектерін ескере отырып, «Достық» шағын ауданында салынып жатқан жаңа «жайлы мектепте» оқыту қазақ тілінде жүргізілетінін хабарлаймыз. Қазіргі таңда қарқынды түрде дамып жатқан «Достық» шағын ауданында мектеп жасындағы 747 бала тұрады. Олардың 80%-дан астамы мемлекеттік тілде білім алады, бірақ көрші №21 орта мектепте және Тәшенев, Момышұлы мектептерінде, Бөкейхан атындағы лицейде, сондай-ақ ықшам ауданнан тыс жерлерде оқуға мәжбүр. Жаңа «жайлы мектеп» бұл балаларға өз үйлеріне жақын жерде білім алуға мүмкіндік беріп, болашақта «Достықтың» жас тұрғындары үшін қолайлы жағдай жасайды (желтоқсан айының соңына дейін мұнда қосымша 96 пәтер пайдалануға беріледі, ал келесі жылы 240 пәтерден тұратын тағы үш тұрғын үй салынады).

Сонымен қатар, көршілес қазақ сыныптары бар мектептердің жүктемесін азайту жоспарланып отыр. Мәселен, «Дачный» ықшам ауданындағы 1200 орынға арналған №21 мектепте қазір 2134 оқушы білім алуда. «Достықтан» балалар келіп оқитын Кенжекөл орта мектебінде 1020 орынның орнына шамамен 1500 оқушы білім алуда, олардың 917-сі қазақ тілінде оқиды,- мәлімдеді білім беру бөлімінен.

Сарапшылардың болжамына сүйенсек, өңір мен облыс орталығында қазақ тілінде оқытуға сұраныс тұрақты түрде арта бермек. Соңғы 5 жылда 2 жаңа мектеп пен 3 қосымша ғимарат салынғанымен, жаңа білім беру нысандары бұл тапшылықты толық жоя алмаған. Олардың ішінде тек бір мектепте (Бөкейхан атындағы) білім беру мемлекеттік тілде жүргізіледі. Қаладағы 43 мектептің тек 10-ы ғана қазақ тілінде оқытады. 2018 жылдан бері Павлодардағы 15 орыс тілді мектепте алғаш рет қазақ сыныптары ашылды, бірақ бұл мәселені шешуге жеткіліксіз болды.

«Достық» ықшам ауданында ашылғалы отырған 1200 орындық жайлы мектеп тек тұрғындардың сұранысын қанағаттандырып қана қоймай, жас ұрпаққа мемлекеттік тілде білім алуды қолжетімді етуде маңызды қадам болғалы тұр.

Атап өтерлігі, былтырғы жылында облыс бойынша мектеп табалдырығын аттаған 23,5 мың оқушының 43 пайызы қазақ сыныбын таңдаған. Ал биыл 11 мыңға жуық баланың 45 пайызының таңдауы қазақ мектептеріне түсіп отыр. Бұл сәл де болса алға жылжудың бар екенін көрсетеді.

Аймақтың білім саласындағы статистикалық деректерге сөз салып көрейік. 2024–2025 оқу жылында Павлодар облысында 360 жалпы білім беру мектебі жұмыс істесе, оның ішінде 137-сі - қазақ тілінде оқытатын мектеп (мектептердің саны, арасалмағы бойынша 2022 жылғы статистика өзгермеген). Оларда жалпы саны 118 мыңға жуық оқушы оқыса, 50 мыңнан астамы немесе 43 пайызы ғана қазақ тілінде білім алады. Негізінен аймақта аралас мектептерге қатысты мәселе баршылық. Себебі 100 пайыз қазақ тілінде білім беретін мектептерде жаңа оқу жылында 33 мың оқушы білім алса, аралас мектептердегі қазақ сыныптарында оқитын оқушылар саны – небәрі 17,5 мың бала. Ал аралас мектептерде орысша білім алатындар саны – 60 мың оқушы. Яғни аралас мектептердегі әр үш сыныптың екеуі – орысша. Бұл жерде таза орысша оқытатын мектептерді санатқа қосқан жоқпыз. Сондықтан қазақ мектептерінің санын көбейту өте құптарлық қадам.

Еске сала кетейік, Павлодар мектептерінде 6 мыңнан астам орын тапшылығы бар.

Соңғы жаңалықтар