Павлодар қаласының көп бөлігі сусыз отыр

ауыз су
Фото: Pexels

ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Су жүйесіндегі сорғы стансасында ақау шығып, су беру жұмыстары шектелген. Жауапты мекеме апатты жою шараларын атқарып жатыр.

Бүгін түске қарай Павлодар қаласының көп бөлігінде су жоғалып кетті.

Онсыз да аптап ыстықта қапырық пәтерде күйіп отырған тұрғындар 109 операторына хабарласып, ауызсудың жоқтығына жаппай шағымданып жатыр.

«Ауызсуды көтеретін алғашқы сорғы стансасын электрмен жабдықтау жүйесінде ақау шығып, қондырғылар тоқтап қалды. Салдарынан ауызсу қысымы төмендеп, қаланың көп бөлігіне су жетпеуде. „Павлодар Водоканал“ ЖШС сорғы жабдықтарын қайта қосумен шұғылданып жатыр. Кешке дейін сумен қамту толыққанды жұмыс істей бастауы керек», деп хабарлады Павлодар қаласы әкімдігінен.

Бұған дейін Павлодар мен Екібастұзда ауызсуға қосылатын хлордың не себепті көбейтілгенін жазған едік. 

Соңғы жаңалықтар