«Павлодар қаласын - Нұркент, ал облысты Нұрарқа деп атасақ...»- республикалық басылымдарға шолу
АСТАНА. 19 мамыр. ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда 19 мамыр, сенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.
«Егемен Қазақстан» газетінің жазуынша, кеше Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Республикасының Көлік және коммуникация министрі Асқар Жұмағалиевті қабылдады. Қабылдау кезінде А.Жұмағалиев Мемлекет басшысы ведомствоның алдына қойған тапсырмалар мен міндеттерді орындау жөнінде, сонымен қатар, көлік-коммуникация кешенінің мақсатты индикаторларға жетудегі атқарған жұмысы жөнінде баяндады. Атап айтқанда, министр қазақстандықтардың интернет жүйесіне қолжетімділігін қамтамасыз ету, мемлекеттік қызметтерді электронды пішінге көшіру және халыққа қызмет көрсету орталықтарын жаңғырту жөнінде атқарылған жұмыс туралы мәлімдеді. Кездесудің қорытындысы бойынша Нұрсұлтан Назарбаев министрлік алдына бірқатар міндет қойып, нақты тапсырмалар берді.
Кеше «Самұрық-Қазына» АҚ жанындағы Қазақстандық қамтуды дамыту мәселелері жөніндегі қоғамдық кеңестің бірінші отырысы болып өтті. Оған Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы Өмірзақ Шөкеев, «Атамекен» Одағы» ҚҰЭП басқармасы төрағасының орынбасары Бауыржан Баймұханов және ұлттық компаниялардың, саяси партиялар мен бизнес-қауымдастықтар өкілдері қатысты», - деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті сенбілік санындағы «Отандық өнім өрісі» деген тақырыптағы мақаласында. Басылымның атап өтуінше, қазіргі кезде қордың кәсіпкерлер мен қоғамдық бірлестіктердің пікірлері ескеріле отырып әзірленген сатып алу қағидаларының жобасы дайындалыпты. Жоба отандық тауар өндірушілер мен қор компанияларының арасындағы ұзақ мерзімді ынтымақтастыққа, сондай-ақ жаңа өндірістер құруды ынталандыруға ерекше назар аударады. Онда негізінен 5 бағытқа басымдық берілген. Олар: жергілікті қамту, сатып алудың ашықтығы, бірыңғай баға саясаты, сатып алуды бақылау және жауапкершілік.
***
Биыл Қазақстанның Америка Құрама Штаттарымен дипломатиялық қарым-қатынас орнатқанына 20 жыл толып отыр. Әрине, осы әріптестік байланыстар туралы айтқан кезде, барлық саясаткерлер, ең алдымен, екі елдің ядролық қарусыздандыру саласындағы бірлескен жұмысын еске алады. Бүгінде осы жұмыс ядролық саладағы бірлескен бизнеске жол ашуда. Себебі алдағы уақытта қазақстандық уранды АҚШ-қа тасымалдау жоспарланған. Ал республика аумағында орналасатын Ядролық отын банкінің өнімі тек бейбіт мақсатта ғана пайдаланылады. Кеше Астанада өткен «Қазақстан - АҚШ: қауіпсіздік пен даму әріптестігіне - 20 жыл» атты конференцияда аталған мәселелердің барлығы кеңінен талқыланды. Осы жайт арқау болған мақала «Алаш айнасы» газетінің бүгінгі санында «Қазақстан-АҚШ: сенімді стратегиялық әріптестікке - 20 жыл» деген тақырыппен берілді.
Бүгінде баспалар көп. Әйтсе де сол көп баспаның 90 пайыздайының материалдық-техникалық базасы жоқ. Тіпті басшы болып тіркелген бір тұлғаның қалтасындағы мөрінен басқа не бір офисі, не бірде-бір маманы жоқ. Бірақ, бір қызығы, мемлекеттік тендерге түскенде осындай баспалардың барлық базасы мықты баспалардың алдын орап әкетуі ғажап емес. Алайда сол тендерге бөлінген қаржы дұрыс орнына жұмсалып отыр ма? Оқырман текке зардабын тартып, сапалы дүниені оқи алмай отырған жоқ па? Міне осы мәселелер «Алаш айнасы» газетінің «Ой-көкпар» айдарында «Дербес өндіріс базасы жоқ баспалардың мемлекеттік тендерге қатысуына шектеу қою керек пе?» деген тақырыппен талқыға түскен.
***
«Павлодар қаласын - Нұркент, ал облысты Нұрарқа деп атасақ...». «Айқын» газетінде осы тақырыппен жарық көрген мақалада Саяси қуғын-сүргінге ұшырағандар қауымдастығының төрағасы Жұмабек Ашуұлының бастамасымен бір топ зиялы қауым өкілдерінің Мәжіліске, Президент аппаратының басшысына, Премьер-Министрге, «Нұр Отанға», «Қазақстан халқы ассамбелясына», Павлодар облысының әкіміне хат жолдағандығы жайында жазылған. Хатта «Біз Республикалық саяси қуғын-сүргінге ұшырағандар қауымдастығының атынан Ұлт Көшбасшысының құрметіне Павлодар қаласының атауын Нұркент қаласы, ал Сарыарқа атырабының кіндігі болған Павлодар облысын Нұрарқа облысы деп өзгертуді ұсынамыз»,- делінген.
***
«Кеше Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Иран Ислам Республикасының вице-призиденті Мохаммад Джавад Мохаммадизадені қабылдады»,- деп жазады «Казахстанская правда» газеті. Қабылдауда Мемлекет басшысы қазіргі уақытта Қазақстанның Иранмен әртүрлі салада өзара жақсы қарым-қатынасы қалыптасқанын атап өтті. «Біз сауда-экономикалық әріптестігімізді одан әрі дамытқымыз келеді. Тек 1,3 миллиард долларды құрайтын тауар айналымы біздің елдеріміздің әлеуетті мүмкіндіктеріне сәйкес келмейді. Біз халықаралық және өңірлік құрылымдар - БҰҰ, ШЫҰ және АӨСШК аясында белсенді ынтымақтастық жасап келеміз. Сонымен қатар, біз Каспий теңізінің мәртебесі туралы уағдаластыққа қол жеткізуге мүдделіміз. Осы бағыттағы жұмысты жандандыру маңызды», - деді Нұрсұлтан Назарбаев. Өз кезегінде Иран вице-президенті де екі ел арасындағы саяси және экономикалық салалардағы жақсы қарым-қатынастарға назар аударды.