Павлодар мектебіне 45 млн теңгеге футбол алаңы салынды
ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - Павлодар қаласында Бауыржан Момышұлы атындағы №22 мектепте үлкен футбол алаңы пайда болды. Спорт алаңының тұсаукесеріне аймақ басшысы Болат Бақауов қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Облыс әкімі оқушылар мен ұстаздарды мектеп өміріндегі маңызды іс-шарамен құттықтап, спорт алаңының бос тұрмайтынына сенім білдірді.
«Балалардың спортқа деген қызығушылықтарын арттыру мақсатында Павлодар облысында барлық жағдайлар жасалған. Бүгін біз талаптарға сай келетін үлкен футбол алаңын ашып жатырмыз. Меніңше, бұл балаларымыздың дағдыларын дамытып, спортта жетістіктерге жетуге көмектеседі», - деді ол.
Допты символикалық түрде ойынға енгізудің орнына аймақ басшысы «Ертіс» футбол клубының голкипері Серікбол Қапановтың қақпасына пенальти түсірді. Содан кейін жаңа алаңда мектеп командаларының арасында жолдастық ойын өтті.
Павлодар облысы әкімдігінен мәлім еткендей, алаңның жалпы құны 45 миллион теңгені құрайды. Сондай-ақ жасанды газон мен трибуна, стритбол және волейбол ойындарына арналған резеңкемен жабылған алаңдар, гимнастикалық кешен, жүгіруге арналған жолдар, алысқа секіруге арналған шұңқыр жасақталған. Сонымен қатар алаң аймағы қоршалып, жарықтандырылған.