Павлодар мектептерінде заңсыз ақша жинаса, «жедел желіге» шағымдануға болады

ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - Павлодар облысында мектепте ақша жинауға қарсы «жедел желі» іске қосылды, деп хзабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Павлодар мектептерінде заңсыз ақша жинаса, «жедел желіге» шағымдануға болады

«Аймақтық білім басқармасында «жедел желі» жұмыс істеп тұр. Оған 8 (7182) 32-05-60 нөмірі арқылы хабарласып, мектепте, балабақшада заңсыз ақша жинауға қатысты фактілерді жеткізуге болады», - деп мәлім етті ҚР мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқторлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстық департаментінің баспасөз қызметі.

Павлодар облыстық білім басқармасының ресми сайтында енді «Jivosite» арнайы мессенджері жұмыс істейді. Сондай-ақ осы басқарманың әлеуметтік желідегі парақшаларына да шағымданып, көкейдегі сұрақтарды қоюға болады.

«Ата-аналар Павлодар облыстық білім саласындағы бақылау департаментіне де жүгіне алады. Олар білім саласындағы заңнамалардың сақталуын қадағалап, білім сапасын сырттай тексеріп отырады», - деп түйіндеді шенеуніктер.

Егер ата-аналар білім мекемелерінде сыбайлас жемқорлық көріністеріне тап болса, олардан басы артық құжат сұрап, мазасын алса немесе мемлекеттік қызметті сапасыз көрсеткен мекемеге кез болса, 8 747 404 1424 нөмірі бойынша WhatsApp-желіге шағымдануға мүмкіндік жасалған.