Павлодар мұнай-химия зауыты жөндеуге жабылады
ПАВЛОДАР. KAZINFORM - «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының басшылығы жоспарлы жөндеу жұмыстары бір айға созылатынын мәлімдеді. Елімізде жинақталған мұнай өнімдерінің қоры ішкі нарықты қамтамасыз етуге жеткілікті дейді компания мамандары.
Осы жылдың алғашқы 5 айында ПМХЗ шамамен 2,5 млн тонна шикізатты қайта өңдеп, шамамен 730 мың тонна бензин, 807 мың тонна дизель өндірді. Битум бойынша өндіріс көлемі 130 мың тонна, мазут бойынша 217 мың тонна, сұйытылған газ бойынша 147 мың тонна, авиаотын бойынша 113 мың тонна болды. Зауыт көптеген көрсеткіш бойынша жоспарды асыра орындады.
«ПМХЗ-ның тұрақты және сенімді атқаратын қызметі ішкі нарықты әлеуметтік маңызды мұнай өнімдерімен қамтамасыз етуде шешуші рөл атқарады. Қауіпсіздік техникасы талаптарының барлық нормасын сақтай отырып, 2024 жылғы жоспарлы алдын алу жұмыстарын бекітілген мерзімде сапалы жүргізуді қамтамасыз ету қажет», - деп атап өтті «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ басқарма төрағасы Асхат Хасенов жөндеуді мерзімінен бұрын аяқтау мүмкіндігін қарастыруды тапсыра отырып.
Жөндеу жұмыстары 17 маусымнан басталады. Болжам бойынша, еліміздегі мол жанар-жағармай қорының қалыптасуына байланысты зауыттың уақытша тоқтауы өңірлерді мұнай өнімдерімен қамтамасыз етуге әсер етпейді.
Еске сала кетейік, Ақтауда құны 66 млн АҚШ доллары болатын мұнай терминалы мемлекет меншігіне қайтарылды .