Павлодар облысы кейбір азық-түліктің арзандығы бойынша еліміздегі бестікке кіреді
ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Павлодар облысында «Павлодар» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы негізінде құрылған бір тұрақтандыру қоры жұмыс істейді. Онда бүгінде жалпы көлемі 13,8 мың тонна азық-түлік өнімдері сақталып тұр.

Азық-түліктің 12 атаулы түрі облыс бойынша 201 әлеуметтік дүкен мен әлеуметтік сауда нүктелерінде сатылады.
«Павлодар» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ тұрақтандыру қорының директоры Азамат Дәндібаевтің айтуынша, қазіргі күзгі кезеңде көптеген азық түріне тұтынушылар тарапынан сұраныстың жоқтығына немесе күрт азайып кеткеніне байланысты қорда арнайы тізімге енетін өнімдердің кейбірі жоқ. Мысалы, күнбағыс майы мен картопқа қазір мүлде сұраныс жоқ.
Өңірдің тұрақтандыру қорынан өнімдер мына бағада сатылып жатыр:
- Қарақұмық (кг) — 130 теңге;
- Бірінші сортты ұн (кг) — 145 теңге;
- Тұз (кг) — 55 теңге;
- Күнбағыс майы — (литрі) — 630 теңге (қазір бұл өнім қорда жоқ, өндірушілер сығымдап алып жатыр, жақын арада түседі);
- Күріш (кг) — 350 теңге;
- Макарон (рожки, кг) — 250 теңге;
- Қырыққабат (кг) — 95 теңге;
- Қант (кг) — 410 теңге;
- Картоп (кг) — 110 теңге;
- Сәбіз — (кг) 110 теңге;
- Пияз (кг) — 102 теңге;
- Тауық жұмыртқасы (ондығы) — 426 теңге.
— Бізде кейбір азық-түлік өнімдері, соның ішінде көкөніс пен картоп қоймаға арнайы салынбайды. Олар шаруа қожалықтарының көкөніс қоймаларында сақталып тұрады, қажет кезінде алдыртамыз. Облыста күріш бағасын ырықтандыру әрі көлемін көбейту мақсатында жуықта корпорация қорға 204 тонна күріш сатып алды. Алдағы уақытта тауық жұмыртқасын да қажет көлемде сатып алу жоспарда тұр. Қысқы уақытқа қажет көкөніс түрлері бойынша да қосымша сатып алулар жүргізілуі мүмкін. Бірақ біздің өңірде көкөніс өнімдері мол жиналатынын ескерсек, картоп және кейбір көкөністер бойынша қорға нақты сатып алулар жүргізілмейді. Себебі өнімді жергілікті нарықта арзан бағада өткізуге қызығушылық танытатын шаруашылықтар жеткілікті, - деп жауап берді А.Дәндібаев Kazinform тілшісінің сауалына.
Жоғарыда аталған 201 әлеуметтік сауда нүктесінен бөлек, Павлодар қаласында «Jailau» фермерлік базары жұмыс істейді. Онда сатылатын азық-түлік тауарлары тікелей жергілікті өндірушілерден жеткізілетіндіктен нарықтағы бағадан 15-20%-ға арзан.
Биыл Екібастұз бен Ақсу қалаларында да осындай базарлардың құрылысы қолға алынып жатыр.
Қазіргі уақытта Павлодар облысы азық-түлік бағасының арзандығы жөнінен 7 позиция бойынша республикадағы өңірлер арасында ТОП-5 тізіміне кіреді. Атап айтқанда:
- бірінші сортты ұн
- қарақұмық жармасы
- сары май
- сүт (2,5%)
- айран (2,5%)
- картоп
- сәбіз.