Павлодар облысы: көмір бағасы өткен жылдың деңгейінде сақталып тұр
ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Павлодар облысындағы әлеуметтік мекемелер мен жеке секторлар үшін алдағы қысқа 536 мың тонна отын қажет. Қазіргі уақытта облыстағы көмір жеткізуші операторлардың қоймасында 15 мың тоннадай көмір сақтаулы тұр.
Күздің салқынында сұраныстың өсіп шыға келетінін ескерген өңірлік энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы қала-аудан әкімдіктеріне қатты отынды уақытылы дайындау бойынша қажетті шараларды қабылдау туралы ескертіп жатыр. Облыс аумағында күн салқындай түсіп, жұртшылық жаппай пеш жағудың қамына кірісіп кеткен. Соған орай облыста көмірге сұраныс біртіндеп өсе бастады.
Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы жылумен жабдықтау және газ объектілері мен көтергіш құрылғыларды қауіпсіз пайдалану бөлімінің бас маманы Алмас Қарабаев тұрғындар ауа райының одан әрі салқындауын күтпестен қысқа қажет көмірді қазірден қамдағаны жөн дейді.
- Павлодар облысында көмір өндіретін 6 кеніш бар. Атап айтқанда, «Богатырь-Көмір» ЖШС, «Майкубен-Вест» ЖШС, «Гамма Талдыкөл» ЖШС, «Гамма Сарыкөл» ЖШС, «Ангренсор Энерго» ЖШС, «Шығыс кеніші» ЖШС. Халық негізінен жергілікті кеніштер арасында «Майкөбе» кенішінің көмірін құп көретіні жасырын емес. Аталған компанияда бүгінде көмірдің бір тоннасы 8,3 мың теңгеден босатылып жатыр. Ал «Богатыр» кенішінде тоннасы 4,2 мың теңге тұрады. Облыс бойынша, соның ішінде Павлодар қаласында көмір сатылатын теміржол тұйықтары бар. Бүгінгі таңда облыста көмір жеткізумен 10 ірі көмір операторы айналысады. Олар туралы барлық ақпарат, оның ішінде қоймаларының мекенжайлары және көмір сатып алуға болатын жерлер біздің Instagram парақшамызда, сондай-ақ қалалар мен аудандар әкімдіктерінің ресми ресурстарында орналасқан. Өңірде биыл көмір бағасының өсуіне жол берілмеуі керек. Бұл мақсатта біздің басқарма көмір өндіруші кәсіпорындармен «Павлодар облысындағы әлеуметтік-экономикалық жағдайды тұрақтандыру бойынша өзара ынтымақтастық туралы» меморандум жасады, - дейді басқарма өкілі.
Басқарманың дерегіне қарағанда, қазіргі уақытта облыстағы көмір жеткізуші операторлардың қоймасында 15 мың тоннадай көмір сақтаулы тұр. Бірақ бұл нақты цифр емес, теміржол тұйықтарында көмір уақыт сайын жеткізіліп тұрады. Ал операторлардың дені Павлодар қаласында орналасқан.
Осы орайда өңірдегі көмір жеткізуші операторлармен байланысып, өнімнің бағасын таразылап көрдік. Мәселен, «Элит KZ» ЖШС Шұбаркөл кенішінен (Қарағанды) жеткізілген көмірдің тоннасын 21500 теңгеден, Майкөбенікін 13500 теңгеден сатса, «Северэнергоугольснаб» ЖШС Қаражыра көмірін (Абай облысы) 16600 теңгеден, Майкөбелік қатты отынды 14500 теңгеден босатып отыр. «Халық көмір» ЖШС-дағы прейскурант соңғы аталған компаниянікімен бірдей. Екібастұздың арзан көмірі тек Шарбақты ауданындағы «Шарбақты отын» ЖШС-де ғана бар болып шықты, тоннасы үшін 12500 теңге сұрайды. Мұнда Қаражыра көмірі – 18500, Майкөбелік көмір 17000 теңгеден сатылып жатқанын сұрап білдік.
Бір қызығы, Ақсу қаласындағы теміржол тұйықтарында сатылымда көмір жоқ болып шықты. Қаладағы жалғыз ірі оператор - «Убунту» ЖШС-не хабарласқанымызда ондағы қызметкерлер қоймада аз ғана екібастұздық көмір жатқанын (көмірдің бұл түрі тұрғындар арасында сұранысқа ие емес), өзге кеніштердің көмірі емге сұрасаңыз да табылмайды деген ақпарат берді. Компания өкілдері көмірдің алдағы күндері болатынын я болмайтынын да айта алмады. Жеткізуші теміржол компаниясы өздері біледі деп қолдарын сілтеді. Соған қарағанда Ақсу қаласында көмір тасымалы нашар ұйымдастырылып отырғанға ұқсайды.
Жалпы өңір халқының алдағы қыста қатты отын бойынша сұранысы 326 мың тонна болады делініп отыр. Өткен жылы да осыншама көлемде көмір тұтынылған. Ал әлеуметтік мекемелер үшін алдағы қысқы кезеңде шамамен 210 мың тонна көмір қажет. Оның ішінде білім беру нысандары үшін 85 мың тонна тасылуы керек. Қазіргі уақытта әлеуметтік нысандардың қажеттілігі үшін 163 мың тонна көмір жеткізілген.
Биыл Ертіс-Баян өңірінде 376 қазандықты жөндеу жоспарланған. Олардың 373-і бүгінде толықтай дайын тұр. Алды іске кірісіп, жылу бере бастаған. Облыстың үш қаласындағы 5 ЖЭО-да барлығы 35 қазандық агрегаты бар. Мамандар шаһарларды жылумен қамту үшін -15 градусқа дейінгі суықта 19 қазандықтың қуаты жеткілікті деп есептейді. Өзгесі қатты аяздарда қосуға және резервте қалдырылады. Қазіргі күні Павлодар, Екібастұз, Ақсу қалаларындағы әлеуметтік нысандарға жылу берілген. Тұрғын үйлерге жылу жіберу кезең-кезеңімен жүзеге асып жатыр.