Павлодар облысы су тасқынының екінші кезеңіне дайындалып жатыр

Су тасқынына қарсы күрес
Фото: Павлодар облысының төтенше жағдайлар департаменті

ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Ертіс өзені арқылы ағып келе жатқан мол судан туындайтын қауіптің алдын алу мақсатында облыстық жедел штаб құрылды. Ойпаң тұстарда орналасқан елді мекендердің айналасындағы топырақ үйінділері биіктетіліп, құм толтырылған қаптар қойылып жатыр.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Ертіске Шығыс Қазақстандағы қоймалардан су жіберіле бастады.

Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов мәлім еткендей, кейінгі 11 жылда алғаш рет Ертіс жайылмасының 90 пайызын су басады деп күтіліп отыр. 

Ертіс
Фото: Павлодар облысының төтенше жағдайлар департаменті

Төтенше жағдай қызметінің мамандары мұндай шамадағы мол су Ертіс өзенінің ойпаң жерлерінде орналасқан елді мекендер үшін үлкен қауіп төндіруі мүмкін екенін ескертті. Соған орай қазіргі уақытта Павлодар қаласының іргесіндегі ауылдарда, Ақсу қаласында, Ақтоғай, Ертіс, Аққулы, Павлодар, Май, Тереңкөл аудандарында тасқынқа қарсы іс-шаралар қолға алынды.

Ертіс
Фото: Павлодар облысының төтенше жағдайлар департаменті

— Ертіс бойында 14 гидробекет орнатылып, өзендегі су деңгейі тәулік бойы бақыланып отыр. Қазіргі уақытқа дейін 55 670 тонна инертті материал төгіліп, 4750 дана құм толтырылған қаптар қойылды. 13 мыңға жуық инертті матриалдары бар қап дайындалып қойды. Су тасқынының алдын алу шараларына жергілікті атқарушы органдардан 67 техника мен 156 адам жұмылдырылды, -деп хабарлады өңірлік төтенше жағдайдар департаментінің баспасөз қызметінен.

 

Соңғы жаңалықтар