Павлодар облысына Ресейден бидай жеткізген үш жүк көлігі кейін қайтарылды
ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Бақылау бекетінің мамандары жүк тасымалдаушылар арасында фитосанитариялық талаптардың бұзылуын анықтады. Өңделетін өнімдерді тасымалдаған үш жүк көлігі импорттаушы елге қайтарылды.

Pavlodarnews.kz хабарлағандай, жыл басынан бері Ресей Федерациясынан Павлодар облысына 35,3 мың тонна тағамдық, 9 мың тонна тұқымдық бидай әкелінген. Бұл туралы облыстық аумақтық инспекция басшысы Арман Шүйкенов мәлім етті.

— Сырттан жеткізілетін, карантинге жатқызылған өнімдер облыстық карантиндік зертханада тексеріледі. Жыл басынан бері 1949 карантиндік фитосанитариялық қорытынды шығарылды. Өңделетін өнімдерді тасымалдаған 3 жүк көлігі импорттаушы елге, яғни Ресейге қайтарылды, - дейді А.Шүйкенов.
Тұрақты іс-шаралар мен рейдтердің нәтижелері бойынша Павлодар облысында фитосанитариялық жағдай қолайлы деп айтуға болады.
Еске сала кетейік, қазақ бидайын негізінен Қытай, Италия, Өзбекстан мен Ауғанстан сатып алады.