Павлодар облысында 1,2 млрд долларлық жел электр станциясы салынады
АСТАНА. KAZINFORM- Энергетика министрлігі мен Қытайдың State Power Investment Corporation (SPIC) энергетикалық корпорациясының басшылығы Павлодар облысында қуаты 1 ГВт жел электр станциясын салу жобасының іске асырылу барысын талқылады. Жобаға тартылатын тікелей шетелдік инвестиция көлемі 1,2 млрд АҚШ долларын құрайды, ал жел электр станциясын 2029 жылы пайдалануға беру жоспарланған.
ҚР Энергетика министрлігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, жұмыс кездесуі барысында тараптар жобаның қазіргі мәртебесін және оны іске асырудың алдағы қадамдарын қарастырды.
Жоба SPIC пен «Pavlodar Green Energy» ЖШС бірлесіп, Екібастұз қаласы ауданында жүзеге асырылып жатыр.
Жоба аясында қуаты 300 МВт және сыйымдылығы 600 МВт·сағ энергия жинақтау жүйесі бар жел электр станциясын салу көзделген.
Жобаны іске асыру жаңартылатын энергия көздерінен өндірілетін электр энергиясының көлемін арттыруға және өңірдің энергетикалық жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Кездесу барысында энергетика саласындағы ынтымақтастықтың перспективалық бағыттары және жаңа бірлескен жобаларды іске асыру мүмкіндіктері де талқыланды.
Келіссөздер қорытындысы бойынша тараптар Қазақстанның энергетика саласындағы инвестициялық бастамаларды іске асыру бойынша одан әрі ынтымақтастыққа мүдделі екенін растады.
Осыған дейін Курчатовта 2032 жылға дейін 700 МВт электр стансасы салынатыны туралы хабарладық.