Павлодар облысында 15 мың тонна азық-түлік сақталып тұр
Павлодар облысындағы тұрақтандыру қорында жалпы сомасы 3 млрд теңге болатын 15 мың тонна азық-түлік сақталып тұр. Қордағы көкөніс пен картоп тек ақпан айынан жергілікті нарықта сатыла бастайды, деп хабарлайды Kazinform.
Былтыр күзде облыс картоп пен көкөністі аста-төк жинағаны себепті өңірде аталған бақша өнімдерінің бағасы арзан. Кейбір супермаркеттер картоптың келісін 90-100 теңгеден саудалап жатыр. Жергілікті нарықта арзан өнімнің баршылық екенін ескерген «Павлодар ӘКК» АҚ әзірге қаптың аузын буулы күйінде ұстап отыр.
Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорация төрағасының орынбасары Бек Оразғұловтың айтуынша, тұрақтандыру қорының арзан өнімдерін облыс бойынша 263 әлеуметтік дүкен мен сауда нүктелері тұрақты саудалайды. Үстемеақы 10 пайыздан аспауы керек.
Ал қоймадағы 5 млн дана құс жұмыртқасы жазға дейін жетеді деп жоспарланып отыр. Корпорация 1-сортты жұмыртқаның ондығын 426 теңгеден берсе, дүкендерде ол 468 теңгеден сатылып жатыр.