Павлодар облысында 20-ға жуық ауыл мектебі Starlink-ке қосыла алады
Илон Маск компаниясының Starlink спутниктік интернетіне Павлодар облысындағы жиырмаға жуық мектепті қосу жоспарланып отыр. Бұл – қазір интернеті жоқ және оны қосуға техникалық мүмкіндік жоқ ауыл мектептері, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.
Қосылу құны айына 200 доллар немесе 94 мың теңге (бүгінгі курс бойынша). Бұл – бір абоненттің бағасы.
«Бізде интернеті мүлдем жоқ мектептер бар, саны – 21. Оларды жоғары жылдамдықты Starlink интернетімен қамтамасыз еткіміз келеді. Себебі басқа жолмен интернетке қосу мүмкін болмай тұр: ол жерге ешкім оптика салмайды – өте қымбат, радиорелелі станциялармен мәселе шешілмейді, әзірге ол техникалық тұрғыдан мүмкін емес. Әсіресе таулы аймаққа жататын Баянауыл ауданына қосу жоспарланған, өйткені тау бедері күрделі болғандықтан сапалы сигнал өтуі қиын. Starlink-ке қосылу бағасы бір абоненттен 200 доллар. Жылдамдығы өте жоғары – 150-200 Mbps. 200 доллар дегеніміз – бірыңғай тариф. Мәселен, 20 долларға 10 Mbps сатып алу мүмкін емес. Сонымен қатар Илон Маск спутниктер тобына қосылатын терминал сатып алу қажет», - деді Павлодар облыстық Цифрлық технологиялар басқармасының жетекшісі Елнұр Өтебаев.
Ведомство басшысының сөзінше, қазір Павлодар облысында 352 ауылдың 11-і интернетке – желілік пен мобильдікке де қол жеткізе алмай отыр. Мұнда 1,1 мың адам тұрады. Сондай-ақ интернеті бар, бірақ сапасы мен жылдамдығы орташадан төмен, үйдегі интернетке қосылуда қиындық туатын бірқатар ауыл бар.
Жалпы 22 ауыл проблемалық санатқа жатады.