Павлодар облысында 30 тамыздан күзгі аңшылық ашылады
ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Ертіс бойындағы 31 аңшылық шаруашылықта құстың бес, аңның төрт түрін аулауға рұқсат беріліп отыр.
ҚР Аң аулау қағидаларымен бекітілген мерзімдерге сәйкес, 30 тамыздан бастап Павлодар облысы аумағында жабайы жануарларға күзгі аңшылық маусымы ашылады.
Атап айтқанда:
- - қаз, үйрек, қасқалдаққа – 2025 жылғы 30 тамыздан 30 қарашаға дейін;
- - шілге – 2025 жылғы 6 қыркүйектен 30 қарашаға дейін;
- - құрға – 2025 жылғы 6 қыркүйектен 15 желтоқсанға дейін (аңшылық тұқымды иттермен және қыран құстармен аң аулау 15 тамыздан бастап) рұқсат етіледі.
Сондай-ақ аңшылар 1 қыркүйектен 15 қарашаға дейін борсыққа, інге кіргенге дейін суырларға, 6 қыркүйектен 31 желтоқсанға дейін қабанға мылтық кезей алады. Ал сібір еліктерінің аталықтарын аулауға қазірдің өзінде рұқсат бар. Тек ұрғашылары мен төлдерін 15 қыркүйек - 31 желтоқсан аралығында аулай аласыз.
Өңірлік орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының мәліметінше, аймақ бойынша 36 аңшылық шаруашылықтың тек 31-інде күзгі-қысқы аңшылық маусымы ашылады. Жабық шаруашылықтар - Ақтоғай ауданындағы «Ертіс», «Жамбыл», Баянауылдағы «Майқайың», Аққулы ауданындағы «Аққу», Шарбақтыдағы «Шарбақты».
Бұған дейін Мәжіліс депутаттары аң ату бағасын көтеру қажет екенін мәлімдеген.