Павлодар облысында алаяқтықпен айналысқан қылмыстық топ ұсталды

ПАВЛОДАР. KAZINFORM – Алаяқтықпен айналысқан қылмыстық топ жеке азаматтарға 25 млн теңгеден астам қаржылай шығын келтірген. Олардың арасында Ақсу қаласының екі тұрғыны бар. 

қылмыстық топ
Фото: Павлодар облысы ПД

Алаяқтар ұзақ уақыт бойы Ақсу қаласының тұрғындарын, оның ішінде Ақсу ферроқорытпа зауытының қызметкерлерін алдап, үлкен көлемдегі ақшалай қаражатты иемденген. Олардың арасында жергілікті 2 азамат болған.

Топ мүшелерін Павлодар облысы прокуратурасының үйлестіруімен облыстық полиция ведомствосының ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының жедел қызметкерлері ұстады. 

- Ұсталғандардың алаяқтық бойынша 6 фактіге қатысы бар, тұрғындарға 25 миллион теңгеден астам ірі шығын келтірген. Сондай-ақ, олардың облыс аумағындағы өзге де фактілерге қатысы тексеріледі. Күдіктілер уақытша қамау мекемесіне орналастырылды, сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр, - деп хабарлады Павлодар облысы полиция департаментінің ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы бастығының міндетін атқарушы Диас Қадыров.