Павлодар облысында алимент төлемеген 24 борышкер қылмыстық жауапқа тартылды

АСТАНА. KAZINFORM – Павлодар облысында биыл 5 млрд теңгеден астам алимент өндіріліп, берешегін төлеуден жалтарған 24 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылды, деп хабарлады прокуратура.

132 неплательщика алиментов арестовали в Шымкенте с начало года
Фото: freepik.com

Өңір прокуратурасы сот орындаушыларымен, полиция және жұмыспен қамту органдарымен бірлесіп, алимент бойынша берешекті өндіріп алу және балалардың құқықтарын қорғау бағытында шаралар қабылдап жатыр.

Ведомство мәліметінше, жыл басынан бері 5 млрд теңгеден астам алимент және бюджет алдындағы 1 млрд теңге берешек өндірілген.

Берешек төлеуден жалтарғандарға ықпал ету мақсатында «Кибер-шериф» жүйесіне борышкерлерге тиесілі 300-ден астам автокөлік туралы мәлімет енгізілді. Оның 67-сі арнайы тұрақтарға қойылған.

Мәселен, алимент бойынша берешегі бар азаматтың автокөлігі 1,4 млн теңге қарызды ішінара өтеу есебінен өндіріп алушыға берілді.

Ал Ақсу қаласында тағы бір борышкердің 1,3 млн теңге берешегі үшін автокөлігі сауда-саттыққа шығарылған.

Бұдан бөлек, жалпы құны 12,8 млн теңге болатын үш жылжымайтын мүлік өндіріп алушыларға берілді.

– Іс-шаралар барысында іздеуде жүрген 14 борышкер анықталды. Олардың бірі балаларына 9 млн теңге алимент берешегін өтемеген. Прокуратура қабылдаған шаралардан кейін қарыз толық өтелді, – делінген прокуратура хабарламасында.

Қадағалау органы борышкерлерді жалған іздестіру деректеріне де ерекше назар аударған.

Прокурорлар 404 борышкерге қатысты 148 атқарушылық іс бойынша осындай заңбұзушылықтардың жолын кесті.

Сонымен қатар алимент төлеудің орнына қаражатын құмар ойындарға жұмсаған борышкерлер де анықталды.

Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде 225 борышкер әкімшілік, ал 24 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылған.

Айта кетейік, бұған дейін Ақтауда алимент борышкерлеріне қатысты 11 қылмыстық іс тіркелгені хабарланған болатын. Қала прокуратурасының мәліметінше, жыл басынан бері алимент алушылардың пайдасына 134,8 млн теңге өндіріліп, борышкерлердің екі пәтері, бір жер учаскесі және үш автокөлігі берешек есебіне өндіріп алушыларға берілген.