Павлодар облысында боранда қалған жолаушылар құтқарылды

Ертіс ауданынан облыс орталығына бет алған жеңіл көлікте 4 адам болған. Жолда көліктің жетек белдігі үзілді, деп хабарлайды Kazinform. 

Павлодар облысында боранда  тұрып қалған жолаушылар құтқарылды
Фото: Облыстық ТЖД/видеодан алынды

Өңірлік Төтенше жағдай департаментінің баспасөз қызметі мәлім еткендей, автокөлік Ынтымақ ауылының жанында тоқтап қалған. Автокөлік жетек белдігі үзілгені себепті бағытын жалғастыра алмаған.

«Жолаушының екеуі жолай кездескен өзге автокөлікке отырып кеткен. Ал қалған екі адам құтқарушыларды шақырды. Біздің қызметкерлер бет қаратпас үскірікте тоңып қалған жолаушыларды Ертіс ауылына жеткізді», - деп хабарлады Төтенше жағдай департаментінен.

Павлодар облысында бүгін кешкілік бірқатар автожол жабылып жатыр. Өңір аумағында бет қаратпас боран тұрды. Оған қоса аяз күшейіп келеді.

Соңғы жаңалықтар