Павлодар облысында бір айда азық-түлік бағасы қалай өзгерді
ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Соңғы бір ай ішінде Павлодар өңірінде жұмыртқа, жарма, қияр және қызанақ бағасы өскені байқалды. Сонымен қатар кейбір көкөністердің бағасы арзандаған.
Облыстық Ұлттық статистика бюросы департаментінің мәліметінше, қыркүйек айында өңірде жұмыртқа бағасы 8,8%-ға өскен. Сондай-ақ жарма мен дәнді дақылдар 0,9%-ға, нан-тоқаш және ұннан жасалған кондитерлік өнімдер 0,7%-ға, майлар мен тоңмайлар 0,3%-ға қымбаттаған.
Көкөністер арасында ең жоғары өсім қияр мен қызанақта тіркелді. Қияр бағасы бір айда 17,3%-ға, қызанақ 15,9%-ға өскен.
- Сонымен қатар кейбір өнімдердің бағасы төмендеген. Қант 6,6%-ға, алкогольсіз сусындар 2,2%-ға арзандаған. Көкөністердің ішінде пияздың бағасы 31,3%-ға, картоп 25,4%-ға, сәбіз 19,5%-ға, қырыққабат 13,1%-ға төмендеген. Сондай-ақ алма 1,3%-ға, алмұрт 0,9%-ға арзандаған, - деп хабарлады департаментте.
Азық-түлік емес тауарлар арасында фармацевтикалық өнімдер 2%-ға, жанар-жағармай материалдары 1,5%-ға, жуғыш және тазалағыш құралдар 0,5%-ға қымбаттаған.
Қызмет көрсету саласында суық су тарифі 11,6%-ға, су бұру қызметтері 3,2%-ға, білім беру қызметтері 1,7%-ға өскен.
Еске сала кетейік, елде азық-түлік бағасы екінші ай қатарынан төмендеді.