Павлодар облысында екі ауданда жолаушылар тасымалы нашар қамтылған

ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Бүгінде облыс аумағындағы тұрақты жолаушылар тасымалы 114 бағыт бойынша жүргізіледі. Баянауыл және Шарбақты аудандарында бұл тұрғыда бірқатар мәселелер бар.

Транспорт
Фото: Kazinform

Павлодар облысы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының дерегінше, қазіргі уақытта өңірдегі елді мекендерді жалғайтын 114 автобус бағыты бар. Бұған қоса қалалар ішінде 69 бағытта қоғамдық көлік қызмет көрсетеді.

— Облыста жалпы саны 183 автобус бағыты жұмыс істейді. Оның ішінде 7 халықаралық, 5 облысаралық, 34 облысішілік, 68 ауданішілік және 69 қалалық бағыттар (оның ішінде 14-і трамвай). Биыл жергілікті бюджеттен жалпы сомасы 5,9 млрд теңгеге 126 автобус бағыты субсидияланып отыр. Бұған қоса Павлодардағы 14 трамвай бағытына 1,5 млрд теңге берілді, -деді өңірлік жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Қанат Қашкиров Kazinform тілшісіне берген сұхбатында.

Қалаларды қоспағанда, аймақтың барлық аудандарында автобус бекеттері бар. Тек кейбір өңірлерде жолаушылар тасымал бойынша мәселелер қалыптасқан. Соның ішінде Баянауыл және Шарбақты аудандарында жолаушылар тасымалы нашар қамтылған. Билік өкілдері алдағы уақытта бұл түйткілді шешуге әрекеттеніп көрмек. 

«Тұрақты бағыттарға қызмет көрсету құқығына конкурстар жүргізіледі. Тұрақты жұмыс пен жолаушылар үшін тарифтердің қолжетімді деңгейін қамтамасыз ету мақсатында тасымалдаушыларға субсидиялар төленеді. Бұл мәселе ұдайы назарда», - деп қосты Қ.Қашкиров.

Ал облыс әкімі баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, өңірдегі 345 ауылдың 308-і жолаушылар тасымалымен қамтылған. Жыл басынан бері қосымша 4 жаңа бағыт ашылыпты. Павлодар облысы мектеп жасындағы балалардың қалалық қоғамдық көліктерде тегін жол жүруін қамтамасыз ететін республикадағы бес өңірдің бірі. 2023-2024 жылдары Павлодар және Екібастұз автокәсіпорындары 211 жаңа автобус сатып алды. Жыл соңына дейін Павлодар қаласына тағы 32 жаңа автобус жеткізіледі деп күтіліп отыр.

Сондай-ақ, алдағы 2 жыл ішінде Еуропа қайта құру және даму банкінен алынған қаражат арқылы аккумуляторлық батареялармен жүретін автономды 25 жаңа трамвай сатып алынады.

Еске сала кетейік, Қазақстанда теміржол көлігімен тасымалданатын шикізаттық емес экспорт көлемі артты. 

Соңғы жаңалықтар