Павлодар облысында КамАЗ-ға соғылған минивен жүргізушісі көз жұмды

ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Павлодар облысында КамАЗ-ға соғылған минивен жүргізушісі көз жұмды. Тағы екі адам түрлі жарақатпен ауруханаға жатқызылған. 

минивен
Фото: Павлодар облысы полиция департаменті

Полиция Астана-Павлодар автожолының Қалқаман ауылы маңында болған оқиға бойынша сараптама тағайындап, тексеру жүргізіп жатыр.

апат
Фото: Павлодар облысы полиция департаменті

«11 сәуір күні түнгі уақытта Астана қаласының тұрғыны Тойота Естима маркалы минивенмен келе жатып, рөлге ие бола алмай, КамАЗ тіркемесінің артқы жағына соғылған. Жол-көлік оқиғасы салдарынан Тойота жүргізушісі сол жерде қайтыс болды. Екі жолаушы түрлі жарақаттармен ауруханаға жатқызылды. Бұл факті бойынша тексеру жүргізіліп, қажетті сараптамалар тағайындалды», - деп хабарлады Павлодар облысы полиция департаментінің баспасөз қызметінен.

Ведомство минивен мен КамАЗ айып тұрағына қойылғанын мәлімдеді.

Полицияның дерегінше, жыл басынан бері Павлодар облысының аумағында 124 жол-көлік оқиғасы болып, салдарынан 7 адам қаза тапқан. Сондай-ақ, 162 адам жарақат алды.