Павлодар облысында «Қамқорлық» айлығы басталды
ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Акция шеңберінде кез келген азамат мұқтаж адамдарға көмек көрсете алады. Сондай-ақ, еріктілер қолдауға зәру жалғызбасты зейнеткерлердің үй шаруасына қолғабыс жасайды.
Павлодар облысында «Қамқорлық» айлығы басталды. Айлық шеңберінде кәсіпкерлер мен демеушілер, жеке азаматтар осал топтағы азаматтарға азық-түлік себетін үлестіріп, түрлі көмек көрсетеді. Еріктілер мен өзге де ниет білдіргендер жалғызбасты зейнеткерлерге үй шаруасына көмектеседі.
Бүгінде Павлодар облысы бойынша 65 жастан асқан 85 мыңнан астам қария бар. Халықаралық қарттар күніне орай, өңірдің 20 мыңнан астам тұрғыны әлеуметтік көмек алды. Біржолғы төлем есеп шоттарына аударылды.
- Халықаралық қарттар күнінде облыс бойынша қалалар мен аудандардың бюджет есебінен ең төменгі зейнетақы алатын зейнеткерлерге 2 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде біржолғы көмек төленді. Сондай-ақ 80 жастан асқан зейнеткерлерге 3 айлық-есептік көрсеткіш мөлшерінде осындай төлемдер жүргізілді. Облыс бойынша 20 мыңнан астам зейнеткер әлгіндей материалдық көмекпен қамтылды,-дейді өңірлік жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бас маманы Венера Демеубаева.
Еске сала кетейік, жаңа жылдан бастап асыраушысынан және еңбек қабілетінен айырылғандар жәрдемақысы өседі.