Павлодар облысында қатты дауылдың салдарынан 38 елді мекен жарықсыз қалды

ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Сұрапыл жел электр желілерін үзіп, бір ауылдық мектептің шатырын зақымдаған. Қазір өңірде 47 апаттық бригада ақауларды жоюмен шұғылданып жатыр.

Павлодар облысы
Фото: pixabay.com

Өткен түнде Павлодар облысы аумағында секундына 28 метрге дейін жылдамдықпен дауыл тұрып, соңы ақтүтек боранға айналды. Қатты желдің салдарынан 38 елді мекенде электр энергиясының ішінара өшуі тіркелді.

«Желдің салдарынан 38 елді мекен бойынша жалпы саны 4 276 абонент жарықсыз қалған. Бүгін сағат 14.00-дегі жағдай бойынша электр қуаты өңірдегі 25 ауылдық елді мекенде қалпына келтірілді. 13 ауылдық елді мекенде (жалпы саны 1 553 абонент) жөндеу жұмыстары жалғасып жатыр. Бұл елді мекендер Баянауыл, Павлодар, Тереңкөл, Успен, Шарбақты аудандарында және Ақсу қаласының ауылдық аймағында орналасқан», - деп хабарлады Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметінен.

Екпінді жел Жетекші ауылында (Павлодар қаласының әкімшілік аумағы) орналасқан жалпы орта мектептің шатырын ішінара зақымдаған. Шамамен жалпы ауданы 30 шаршы метр шатыр жұлынған. 

Қазіргі сәтте өңір бойынша 47 авариялық бригада төтенше оқиға салдарын жоюмен айнылысуда. Жалпы саны 137 адам мен 46 техника жұмылдырылған.

Соңғы жаңалықтар