Павлодар облысында қайтарылған жердің 99%-ы қайта айналымға енгізілді

ПАВЛОДАР. KAZINFORM – Аймақта биыл мемлекетке 70 мың гектар жерді қайтару жоспарланған. Жыл қорытындысы бойынша нақты көрсеткіш 82,8 мың гектарға жетіп, жоспар 118 пайызға орындалды.

жайылымдық жер
Фото: Бақытқаным Мизамбаева

Павлодар облысында 2022-2025 жылдары пайдаланылмай тұрған 940,6 мың гектар ауыл шаруашылық жері мемлекетке қайтарылған. Оның 98,9 пайызы қайтадан ауыл шаруашылығы айналымына енгізілген.

Өңір әкімдігінің мәліметінше, қайтарылған жерлердің 930,8 мың гектары ауыл шаруашылығы мақсатында пайдалануға берілген. Сонымен қатар 188,9 мың гектар жер ауыл тұрғындарының қажеттілігіне, негізінен жайылым ретінде қайта бөлінді. Ал 7,3 мың гектар жер Екібастұз қаласында инвестициялық жобаларды жүзеге асыру үшін резервке алынған.

– Мемлекетке қайтарылған жер пайдаланылуы керек. Ең алдымен, ауыл тұрғындарын жайылыммен қамтамасыз ету қажет. Жер ресурстары пайдаланылмай жатқан кезде адамдардың жайылым тапшылығын сезінуіне жол беруге болмайды. Жер бөлу кезінде жұмыс істеуге, өндірісті дамытуға және жұмыс орындарын ашуға дайын азаматтарға басымдық берілуге тиіс, – деп хабарлады облыс әкімдігінен.

Сондай-ақ жаңа жылдан бастап жер учаскелерін беру конкурстарын электрондық форматқа көшіру жоспарланып отыр. Жер бөлу кезінде өзекті топырақ карталары, жерді бонитеттеу материалдары және геоботаникалық зерттеулердің нәтижелері ескеріледі.

Еске сала кетейік, Қызылорда облысында игерусіз жатқан 1 570 гектардан астам жер мемлекетке қайтарылды.