Павлодар облысында қыстақтарға бір миллионнан аса мал кірді
ПАВЛОДАР. KAZINFORM -Павлодар облысында бүгінде 467 мыңнас астам ірі қара, 623 мың қой-ешкі, 279 мыңнан астам жылқы бар. Жылқыны қоспағанда қыстақтарға бір миллионнан аса мал кірді.

Өңірдегі фермерлер мен жеке тұрғындардың қыстақтарында 456 мың қара мал, 623 мың қой мен ешкі бар.
- Биыл жазда жем-шөп дайындалған шабындықтар аумағы 281 мың гектарды құрап, өткен жылғыдан 19 мың гектарға артық болды. Нәтижесінде фермерлеріміз бір жарым жылға жететін мал азығын қамдап алды десе болады. Шамамен 1 млн 835,6 мың тонна шөп шабылып, жоспар артығымен орындалды. Бұған қоса 112,3 мың тонна пішендеме, 182 мың тонна сүрлем, 317 мың тонна сабан дайындалды. Шабындықтарда маяланған шөптің 91 пайызы қыстақтарға жеткізілді,-деп хабарлады Kazinform тілшісіне Павлодар облысы ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Төлеген Көшербаев.
Аймақтағы ірі қара малдың 17,6 пайызы асыл тұқымды. Асыл тұқымды сиырларды өсірумен 168-ден астам шаруашылық айналысады. Ет бағытында - қазақтың ақбас сиыры, герефорд, абердин-ангус, әулиекөл тұқымдары, сүт бағытында симментал, голштин, қызыл дала түрлері өсіріліп отыр. Ал ұсақ малдардың 3,9 пайызы, жылқының небәрі 2,4 пайызы ғана асыл түлік болып саналады.
Статистикалық деректер аймақтағы ірі қараның азайғанын көрсетіп отыр. 2022 жылы өңірде 527,8 мың түлік саналса, қазіргі уақытта олардың саны 467 мыңнан сәл асады. Ал жылқы соңғы екі жылда 58 мыңға өскен. Облыста түйемен айналысатын шаруашылықтар да көбейе түскен. 2022 жылы аймақта Зеңгі баба тұқымының 32 түлігі тіркелсе, бүгінде олардың саны 150-ге жуықтап қалған.
Еске сала кетейік, Павлодарда Ертіс өзенінің деңгейі көтеріліп, шаруалар жайылмадағы шөптерін жеткізе алмай отыр.