Павлодар облысында қызылша дерті өршіп тұр
ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Жыл басынан бері қауіпті ауруды 506 адам жұқтырған. Оның 70 пайызы — вакцина салынбаған балалар.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте өңірлік санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Зәмзагүл Досжанова мәлім етті.
«Қызылша ауруына шалдыққан науқастардың саны артуда, соңғы бір жарым айда 506 жағдай тіркелген. Жұқпалы дертпен ауырып қалғандардың 71 пайызы — ата-аналары вакцина салғызудан бас тартқан балалар. Қазір Павлодар облысы аумағында қызылшаға қарсы қосымша жаппай иммундау жүргізілуде. Бүгінде 32 мыңнан астам адамға екпе салынды», деп хабарлады ол.
Өткен жылдың қазан айынан бастап облыста жіті респираторлық вирустық инфекциялардың 375 мыңға жуық жағдайы тіркелген. Коронавирус бойынша жағдай тұрақты. Биылғы қаңтарда — 34, ал ақпан айының басынан бері 10 жағдай тіркелген.