Павлодар облысында көктемгі егіс бойынша 21 мың тонна тұқым тапшылығы бар

ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Тұқымның жетіспейтін көлемін фермерлер шеттен сатып алуы мүмкін. Бұған қоса өңірдегі ауыл шаруашылық техникаларының 80 пайызы ескірген.

астық
Фото: Pixabay

Биыл аймақтағы егіс алқабы 1 млн 657,6 мың гектарды құрайды деп жоспарланған. Өткен жылмен салыстырғанда 8,1 мың гектарға ұлғаяды.

Өңірлік ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Төлеген Көшербаевтың айтуынша, көктемгі дала жұмыстары үшін 174,4 мың тонна тұқым қажет.

Оның ішінде дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар бойынша — 111,3 мың тонна, майлы дақылдар — 3,3 мың тонна, жемшөп дақылдары — 2,4 мың тонна, картоп — 57,4 мың тонна.

— Облыс бойынша тұқымның жалпы жетіспеушілігі — 21 мың тонна. Ол өңірден табылмаса, өзге аймақтардан, шет мемлекеттерден сатып алынады. Сатып алу процестері «Азық-түлік корпорациясы» АҚ арқылы рәсімделеді, — дейді ол.

Облыста барлығы 49 358 бірлік ауыл шаруашылығы техникасы мен түрлі жабдықтар бар болса, оның 39 327-сі немесе 79,7% пайызы тозып кеткен. 

2024 жылғы көктемгі дала жұмыстарын жүргізу үшін Павлодар облысына 25,7 мың дизель отыны бөлінген. Оның «LF TRADE» ЖШС және «ТК Парнас» ЖШС операторлары жеткізумен айналысып жатыр. Трактор отынының бір тоннасы 282,4 теңгеге босатылуда.

Айтып өтейік, алдағы егін шаруашылығын қолдау үшін бюджеттен 5,9 млрд теңге субсидия қарастырылған.

Соңғы жаңалықтар