Павлодар облысында қос азаматтықтың 27 дерегі анықталды

ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Ертіс-Баян өңірінде жыл басынан бері қос азаматтықтың 27 фдерегі анықталып, заң бұзушылар жауапқа тартылды.

қос азаматтық
Фото:  pasporta.org

Облыстық полиция департаментінің көші-қон қызметі бөлімшелері мемлекеттік органдармен бірлесіп, қос азаматтық фактілерін анықтау бойынша тұрақты түрде жұмыс жүргізіп келеді.

Қазақстан Республикасында қос азаматтыққа жол берілмейді. Яғни азамат бір уақытта Қазақстан Республикасының және өзге мемлекеттің азаматы бола алмайды. Егер ҚР азаматы өзге мемлекеттің азаматтығын қабылдаса, ол Қазақстан Республикасының азаматтығынан айырылады.

- Жыл басынан Павлодар облысында 398 азаматтың Қазақстан Республикасының азаматтығын жоғалтқаны тіркелді. Көші-қон заңнамасын әртүрлі жағдайда бұзғаны үшін 40 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды, олардың 7-еуі ел аумағынан шығарылды, — деп хабарлады Павлодар облысы полиция департаменті көші-қон қызметі басқармасының бастығы Александр Кузьменко.

Мәселен, 26 жастағы әйел 2015 жылдан бері көрші елдің азаматы бола тұра, бұл туралы полиция органдарына хабарламаған. Ал 29 жастағы тағы бір әйел көрші елдің азаматтығын алғанына қарамастан, мемлекеттік шекарадан Қазақстан Республикасының паспортымен өткен.

Аталған әйелдер әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Заңнама бойынша 100 АЕК мөлшерінде айыппұл салу немесе ел аумағынан шығарып жіберу түріндегі жауапкершілік көзделген.

- Қазақстан Республикасының азаматтығын жоғалтқан адамдардың ел азаматының құжаттарын пайдаланғаны үшін 200 АЕК мөлшерінде айыппұл қарастырылған, — деп түсіндірді облыстық көші-қон қызметінің басшысы.

Еске сала кетейік, Шығыс Қазақстанда 6 адам қос азаматтықпен жүрген.