Павлодар облысында күзгі аңшылық маусымы ашылады
ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Облыс аумағындағы 38 аңшылық шаруашылығының 28-інде аң аулауға рұқсат етілген. Биыл құстар бойынша квота 28 092 үйрекке, 2034 қазға, 2086 қасқалдаққа және 1179 құрға қарастырылып отыр.
Тамыздың 31-нен бастап облыс аумағында күзгі-қысқы аңшылық маусымы ашылады. Атап айтқанда, 31 тамыздан 30 қарашаға дейін қаз, үйректі, қасқалдақты, 1 қыркүйек - 15 қараша аралығында борсықты, 15 қыркүйектен 30 қарашаға дейін құрды, 2 қыркүйектен 30 қарашаға дейін шілді, 2 қыркүйек - 31 желтоқсан аралығында жабайы шошқаны, 15 қыркүйектен 31 желтоқсанға дейін Сібір елігінің аналығы мен лақтарын, 1 қарашадан 2025 жылдың 15 ақпанына дейін қоян, түлкі, қарсақты аулауға рұқсат беріледі. Ал итпен және жыртқыш құстармен саятшылық жасайтындар үшін қоян, түлкі, қарсақ аулау кезеңі 15 қазаннан 2025 жылдың ақпан айына дейін деп көрсетілген.
- Бекітілген квотаға сәйкес 28092 үйрек, 2034 қаз, 2086 қасқалдақ және 1179 құр аулауға рұқсат етілген.Бұған қоса 130 қарақұйрық, 194 борсық, 1730 суыр, 5212 қоян, 354 түлкі, 87 қарсақ, 12 жабайы шошқа және 161 елік квотаға енді. Күзгі-қысқы аңшылық маусымы облыс аумағындағы 38 аңшылық шаруашылығының 28-інде рұқсат етіледі. 10 аңшылық шаруашылығында квота бөлінбегендіктен және резервтік қорда тұрғаны себепті аң аулауға тыйым салынған. Сондай-ақ «Қызылтау» зоологиялық қорығы, Баянауыл ұлттық табиғи паркі, «Ертіс орманы» резерватында, «Ертіс өзенінің жайылмасы» қорығында аңшылық жүргізуге қатаң тыйым салынған,-дейді Павлодар облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы Руслан Төлепбаев.
Аңшылыққа шыққан адамда аңшы куәлігі, аңшылық шаруашылығы субъектісінің жолдамасы немесе жануарлар дүниесін пайдалануға рұқсаттама, қару сақтауға және алып жүруге рұқсаттама, жыртқыш құстармен немесе иттермен аң аулау кезінде оларға тиісті төлқұжаттар болуы керек. Маусымдық жолдаманың орташа құны 14 мың теңгеден басталады.
Жануарларды заңсыз аулағаны немесе аңшылық ережесінің талаптарын бұзғаны үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Құстар мен қылшықты жануарлардың бір данасы үшін келтірілген залалға 5 айлық есептік көрсеткіш, тұяқты жануарларға 7,5-тен 750 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл қарастырылған.
Еске сала кетейік, Павлодарда елік атқандар сотталды.