Павлодар облысында өндірістік қалдық өңдемек болған компанияның үстінен тергеу басталды
АСТАНА. KAZINFORM – Павлодар облысында ірі кәсіпорындардың өндірістік қалдықтарын өңдеу үшін жер алып, бизнес жүргізген компанияның үстінен тергеу басталды. Бас прокурордың аға көмекшісі Асхат Ауқатов Мәжілістегі дөңгелек үстелде осындай мәлімет айтты.
«Өнеркәсіптік қалдық полигондарына келсек, бұл ең бақылаусыз жатқан сала деуге болады. Елде қанша өнеркәсіп қалдығы түзілгенін ешкім білмейді. Оларды қайта өңдеуге арналған ошақтар жоқ. Ал іскер кәсіпкерлер осыдан бизнес жасап отыр. Павлодар облысында серіктестіктердің бірі ірі кәсіпорындардың қалдықтарын жинауға жер учаскесін алған. Бірақ өнеркәсіп қалдықтарын ашық алаңға төгіп келген», - деді Бас прокуратура өкілі.
Асхат Ауқатов қазір бұл оқиға бойынша сотқа дейінгі тергеу басталғанын айтты.
«100 гектар аумақта 116 мың улы қалдықтар шашылып жатыр. Қалдықты кәсіпорындардан шығарып әкеткені үшін кәсіпкер 1,5 млрд теңге табыс тапты. Ал зиянды шаң-тозаң айналаға тарап, ауа мен топырақты улап жатыр. Сотқа дейінгі тергеу бастадық», - деді Бас прокурордың аға көмекшісі.
Сондай-ақ, ол Семей әкімдігі 2,6 млн еуроның қоқыс өңдеу жабдығын жарамсыз қылғанын мәлім етті.