Павлодар облысында отындық ағаш қанша тұрады
ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Бүгінде отындық ағашты сатумен бірнеше орман иеленуші ұйым айналысады. Ең қымбат отындық ағаш Баянауыл ұлттық паркінің аумағында тіркелді.
Павлодар облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі инспекциясының мәліметінше, 2026 жылға 38,8 мың текше метр ағаш дайындау жоспарланған. Оның 35%-ын тұрғындар қаңтар-ақпан айларында сатып алып қойған. Қазір алдағы қысқы маусымға дайындық жұмыстары басталды.
Мемлекеттік орман қоры аумағынан тұрғындардың тиісті рәсімдеусіз өз бетінше отын жинауына тыйым салынған. Қолданыстағы тәртіпке сәйкес, тұрғындар әуелі орман иеленуші ұйымға жүгініп, ақысын төлегеннен кейін ғана ағаш ала алады.
— Орманшылар ағашты тиеп береді, содан кейін міндетті түрде таңба басады. Бұл оның заңды түрде алынғанын бақылауға мүмкіндік береді. Инспекция қадағалаушы орган ретінде көлікті тоқтатып, рұқсат құжаттарының бар-жоғын тексере алады. Құжаттар мен таңба болмаса, тұрғын ағашты өз бетінше дайындап, заң бұзды деп қабылданады, — дейді инспекцияның орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі бөлімінің бас маманы Альмира Жингулова.
Ағаш сатып алу тәртібі әр мекемеде әртүрлі. Баянауыл ұлттық паркінде және «Ертіс орманы» резерватының аумағында отындық ағашты мекеме қызметкерлері өздері кесіп, дайын отын түрінде сатады. Сондықтан мұндағы баға да жоғары: бір текше метрі Баянауылда 5300 теңге тұрса, Ертіс орманы аумағында — 4000 теңге.
Ал Павлодар, Максим-Горький және Үрлітүп орман шаруашылығы мекемелерінде ағаштың белгіленген бағасы — 3000 теңге. Дейтұрғанмен бұл жерлерде тұрғындар отынды орманшының қатысуымен өздері дайындауы керек. Талапқа сәйкес, бір отбасына орта есеппен 5 текше метр ағаш қарастырылған. Ауылдық жерлерде отын негізінен пеш жағу үшін пайдаланылса, қалаларда монша жағуға жұмсалады.
Бұған дейін Павлодарда көмірдің кеніштен босату бағасы өзгергенін, тұрғындар бұрынғыға қарағанда көп төлейтінін жазғанбыз.