Павлодар облысында полицей суға батып бара жатқан әйелді құтқарып қалды

Судан құтқарды
Фото: Видеодан алынған кадр

ПАВЛОДАР. KAZINFORM – Суға батқан әйелдің мас күйде болғаны анықталды. Оған жедел медициналық көмек көрсетілген. Қазіргі уақытта жағдайы жақсы.

Бұл туралы Павлодар облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.

Аққулы ауданының полицейлеріне Жамбыл ауылында бір топ адамның ішімдік ішіп жатқаны туралы хабар келіп түскен. Ауыл тұрғыны полиция қызметкерлерін жіберуді сұраған. Ювеналды полиция тобының кәмелетке толмағандар істері жөніндегі полиция аға учаскелік инспекторы Елдос Қойкен, әкімшілік практика инспекторы Әділ Ізбасаров және жергілікті полиция қызметінің учаскелік полиция инспекторы Ришат Адамбаев көрсетілген мекенжайға жетіп, онда кәмелетке толмаған екі баласы бар азаматша тұратынын анықтады.

«Балалар анасының Ертіс өзеніне қарай кеткенін түсіндірген. Автопатруль бірден өзенге бет алып, суға батып бара жатқан әйелді байқаған. Аға инспектор Е.Қойкен суға бірден қойып кетіп, әйелді ажалдан арашалап қалды. Әйелдің мас күйде болғаны анықталды», деп мәлімдеді баспасөз қызметінен.

Құтқарылған әйел адамға алғашқы едициналық көмек көрсетіліп, кейін дәрігерлерге жіберілген. Қазіргі уақытта өміріне төніп тұрған қауіп жоқ. Полицейлер әйелмен әңгіме жүргізіп, келесіде мұндай жағдай бармау керектігін түсіндірді.

Соңғы жаңалықтар