Павлодар облысында сәбіз экспорты 10%-ға өсті
ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Қаңтар-ақпан айларында облыс фермерлері 4327 тонна сәбіз экспорттаған. Бұл өткен жылғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 10%-ға артық.

Былтыр Ертіс-Баян өңіріндегі сәбіз алқаптарының жалпы аумағы 4,9 мың гектарды құраған. Облыста 100-ге жуық шаруашылық сәбіз өсірумен шұғылданады.
- Көкөніс өсірушілер өткен жылы 176,2 мың тонна сәбіз жинаған. Бұл аймақ тұрғындарының сұранысынан 10 есе көп. Қоймаларға 150 мың тонна өнім салынды. Сол уақыттан бері облыс ішінде 12 мың тонна, облыстан тыс жерлерге 102 мың тонна сәбіз сатылған. Тек биылғы қаңтар-ақпан айларында 4327 тонна сәбіз экспортталды. Бұл өткен жылғы деңгейден 10%-ға артық. Агроөнеркәсіптік кешендегі аумақтық инспекцияның ресми деректері бойынша Павлодар облысына өзге елдерден сәбіз әкелінген жоқ. Ал жергілікті қоймаларда қазір 36 мың тонна көлемінде сәбіз бар, коммерциялық сату бағасы килограмына 55-75 теңге, - деп хабарлады Павлодар облысы ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Төлеген Көшербаев.
Облыс билігі шаруалардың қолындағы өнімді сыртқа сатуға жәрдемдесу туралы Ауыл шаруашылығы, Сауда және интеграция министрліктеріне, облыстардың әкімдіктеріне және өңірлердің әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияларына хаттар жолдаған.
Ақпан айында павлодарлық фермерлер қоймадағы тонналаған сәбізді сата алмай отырғаны туралы мәселе көтерген едік.