Павлодар облысында сарқынды су тарифтері 28 %-ға дейін төмендейді
ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Павлодар облысының Баянауыл ауданында сарқынды суларды бұру қызметінің тарифтері 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап арзандайтыны белгілі болды. Жеке тұтынушылар үшін 18 %, өзге тұтынушылар санаты үшін баға 28,24 пайызға дейін төмендейді.
Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Павлодар облысы бойынша департаменті «Баянауыл су арнасы» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының 2025 жылға бекітілген тарифтік сметасының орындалуына талдау жүргізген.
- Талдау қорытындысы көрсеткендей, кәсіпорынның негізсіз алған кірісінің жалпы сомасы (Ұлттық банктің базалық мөлшерлемесі ескеріле отырып) - 1 млн 952,7 мың теңге. Осыған байланысты департамент 2026 жылғы 18 қарашадағы бұйрығымен кәсіпорынға 2027 жылға уақытша өтемдік тарифтер бекітті. Жаңа тарифтер келер жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енеді, - деп хабарлады департаменттен.
Атап айтқанда, сарқынды суларды бұру қызметінің орташа тарифі бір текше метріне 68,32 теңге болып белгіленді. Бұл бұрынғы бағадан 15,23 теңгеге немесе 18,23 %-ға төмен.
Жеке тұрғындарға және жылу энергиясын өндіру, беру, бөлу, сондай-ақ сумен жабдықтау, су бұру саласында реттеліп көрсетілетін қызметтерді ұсынатын ұйымдарға арналған тариф - 64,40 теңге. Бұрынғы бағамен салыстырғанда 14,12 теңгеге немесе 17,98 %-ға азаяды.
Өзге тұтынушылар үшін тариф бір текше метріне 72,22 теңге болып бекітілді. Төмендеу мөлшері – 16,11 теңге немесе 18,23 %.
Ал бюджет қаражаты есебінен ұсталатын ұйымдар үшін тариф 98,47 теңгеге дейін түсірілді. Бұл – бұрынғы тарифтен 38,76 теңгеге немесе 28,24 %-ға төмен.
Жаңа тарифтер 2027 жылғы 1 қаңтардан 31 желтоқсанға дейін қолданылады.
Бұған дейін Петропавлда су тарифі өзгеруі мүмкін екенін жазғанбыз.