Павлодар облысында тұрғын үйлерді су басу қаупі толығымен жойылды

АСТАНА. KAZINFORM – Павлодар облысында тұрғын үйлерді су басу қаупі толығымен жойылды. Бұл туралы Павлодар облысы әкімі аппаратының басшысы Дидар Ибраев айтты.

 Иртыш, Павлодар
Фото: Наталья Зинченко/ Kazinform

«Павлодар облысында тұрғын үйлерді су басу қаупі толығымен жойылды. Облыстық штаб тәулік бойы жұмыс істеуде. Қазіргі таңда жағдай тұрақты. Бүгінгі таңда су тасқынынан зардап шеккен тұрғындардың барлық өтінімдері толық көлемде өтелді. Демеушілік қаражат есебінен 98 млн теңгеге 120 отбасы өтемақы алды», — деді ол Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте.

Аппарат басшысының атап өтуінше, өңірде қалпына келтіруге келмейтін 7 үй тіркелді. Оның ішінде екі отбасыға сол елді мекенде басқа тұрғын үй сатып алынды.

«Ал, қалған 5 отбасы үшін жаңа үйлердің құрылысы басталды. Жұмыстарды 3 айда аяқтауды жоспарлап отырмыз. Дегенімен, біз осымен шектелмей, әрі қарай су тасқынынан зардап шеккен барлық елді мекенді анықтау жұмыстарын жалғастырудамыз», — деді Дидар Ибраев.