Павлодар облысында жедел жәрдем шақырушылар саны күрт өсті

отравление
Фото: Александр Павский/Kazinform

ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Күннің ыси түсуіне байланысты созылмалы аурумен ауыратын тұрғындар тарапынан қоңыраулар жиілеп кеткен. Өткен жексенбіде 103 операторына 900-ден астам шақырту түскен.

Әдетте тәулігіне 650-700 қоңырау қабылдайтын өңірлік жедел жәрдем қызметі соңғы күндері шақыртулардың жиілеп кеткенін хабарлады.

«Гипертониялық науқастардан, инсульт пен инфарктқа бейім науқастардан шақыртулар саны артты. Соңғы бірнеше күнде қоғамдық орындарда адамдардың есінен танып қалуына қатысты қоңыраулар да жиіледі. Тек бір ғана жексенбі күні шақыртулар саны 900-ден асып кетті. Тұрғындардан ыстық күндері көшеге аз шығуға, өзімен бірге су алып жүруге, бас киім киюге және ашық түсті киім киіп жүруге кеңес береміз», - дейді облыстық жедел жәрдем стансасы басшысының орынбасары Ирина Мищенко.

Жедел жәрдем қызметі бұған қоса жол-көлік апаттарына байланысты шақыртулардың саны өсіп отырғанын айтады. Тек бір ғана 16 маусым күні облыс орталығының медициналық бригадалары 4 оқиға орнына шыққан.

Облыс аумағында соңғы үш тәулікте күндізгі ауа температурасы 30-32 градусқа дейін жетіп тұр.

Еске сала кетейік, Грекияда аптап ыстыққа байланысты мектептер мен Акрополь жабылды.

Соңғы жаңалықтар
telegram