Павлодар облысында желтоқсан айы жылы болады деп болжанып отыр

ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Желтоқсан айында Павлодар облысында ауа температурасы климаттық нормадан 1 градусқа жоғары болады деп күтілуде. Мамандардың мәліметінше, мұндай ауа райы өңірде 2005 жылы да байқалған.

Теплый декабрь прогнозируют синоптики жителям Павлодарской области
Фото: Артём Викторов / Kazinform

«Қазгидромет» РМК өңірлік филиалының мәліметінше, желтоқсан айында Павлодар облысындағы орташа ауа температурасы -9...-13 градус аралығында болады деп болжанып отыр. Бұл климаттық нормадан 1 градусқа жоғары. Өңірде ауа райы құбылмалы болады.

– Айдың алғашқы онкүндігінің басы мен екінші жартысында, сондай-ақ үшінші онкүндіктің екінші жартысында қар жауып, боран соғуы ықтимал. Алғашқы онкүндіктің басында, үшінші онкүндіктің ортасы мен соңында көктайғақ болады. Ай басында және соңына таман көп жерде тұман түсуі мүмкін. Сондай-ақ кей күндері жылдамдығы секундына 15-20 метрге дейін жететін екпінді жел соғады, – дейді «Қазгидромет» РМК Павлодар филиалының метеоболжамдар бөлімінің басшысы Ирина Анохина.

Алғашқы онкүндікте түнде ауа температурасы -8-ден -33 градусқа дейін, күндіз -2-ден -25 градусқа дейін құбылады. Ай ортасында айтарлықтай өзгеріс болмайды. Түнде ауа температурасы кей жерлерде -2 градус болса, кей жерлерде -33 градусқа дейін төмендейді. Күндізгі температура -7...-18 градус болады.

Желтоқсанның соңына қарай түнгі уақыттарда сынап бағанасы 0...-5 градусқа дейін көтерілуі мүмкін. Жауын-шашын мөлшері климаттық норма шамасында болады деп күтілуде.

Еске сала кетейік, алдағы күндері кей өңірлерде ауа температурасы -20 градусқа дейін төмендейді.