Павлодар облысында жол ережесін сақтамаған 60-қа жуық жаяу жүргінші жауапқа тартылды

Алматы
Фото: Kazinform

ПАВЛОДАР. KAZINFORM – Павлодар облысында жол ережесін сақтамаған 60-қа жуық жаяу жүргінші жауапқа тартылды. 

Полиция департаментінің мәліметінше, жылдамдық шегінен асырып жүргенді ұнататын 198 адам жауапқа тартылды. 

– Павлодар қаласында Естай – Нұркин көшелерінің қиылысында жаяу жүргіншілер жолында Mitsubishi автокөлігінің жүргізушісі жаяу жүргіншілердің жолдан өтуіне кедергі болды. Құқық бұзушы жауапқа тартылды, оған 10 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды, – деді Павлодар облысы ПД жергілікті полиция қызметінің бастығы Қуаныш Мұстафинов.

Мас күйде көлік тізгіндеген төрт жүргізуші, қарсы қозғалыс жолағына шығып кеткен екі жүргізуші, жаяу жүргіншіге жол бермеген 26 азамат, сондай-ақ жол бөлігін белгіленбеген жерден өткен 59 жаяу жүргінші де жазаланды. 

– Мен жаяу жүргіншілер қадам басамын дегенше, жолдан өтіп үлгеремін деп ойладым, – деп ақталуға тырысты жүргізуші.

Жолдан рұқсат етілмеген жерде өтіп бара жатқан тағы бір жаяу жүргіншіні тәртіп сақшылары Торайғыров көшесі 28-де тоқтатты.

– Ауыр жұмыс күнінен кейін үйге жету үшін көп жол жүргім келмеді. Иә, мен ереже бұздым және өз әрекеттерім үшін толық жауап беремін, – деді павлодарлық.

Жол ережесін бұзғаны үшін жаяу жүргіншіге 3 АЕК көлемінде айыппұл төлеуге тура келеді.

Сонымен қатар полицейлер жаяу жүргіншілерге жол қозғалысы ережелері туралы айтып, олардың назарын жолдың жүріс бөлігінен өту ережелеріне аударды.

– Егер үш жыл бұрын мен кейбір уақытта жолды белгіленбеген жерден өткен болсам, қазір олай етпеймін. Қазір қалада жылдамдықты ерекше жақсы көретін көлік жүргізушілері көп. Тәртіптен аттамаймын, – дейді қала тұрғыны.

Полиция департаменті жолдан өтпес бұрын жаяу жүргіншілер тоқтап, қауіпсіздікті қамтамасыз етуі керек екенін еске салады. 

Соңғы жаңалықтар