Павлодар облысындағы қоғамдық ұйымдар 227 млн теңге тапсырыс алған

ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Ертіс-Баян өңірінде 762 үкіметтік емес ұйым тіркелсе, оның 100-ге жуығы белсенділік танытып отыр.

Қоғамдық ұйым құру үшін 3 адамның бастамасы жеткілікті болмақ
Фото: pexels.com

Жергілікті қоғамдық ұйымдар азаматтық қоғамды дамыту, халықтың осал әлеуметтік топтарын қолдау, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-шаралар, отбасылық-гендерлік саясатты дамыту, қандастарға және оңтүстік өңірлерден келген тұлғаларға түсіндіру жұмыстарын жүргізу, патриоттық сананы қалыптастыру, жастар саясатын, экологиялық мәдениет, спорт және т.б. салаларды дамыту бағытына шоғырланған.

- Жалпы саны 762 үкіметтік емес ұйым тіркелсе, оның шамамен 100-ге жуығы ғана белсенді жұмысымен көзге түсіп отыр. Ұйымдар көбі Павлодар, Екібастұз, Ақсу қалаларында орналасқан. Ұлттық тәрбие, мәдениет пен өнерді насихаттау саласындағы «Сенімен болашақ» ҚБ, «JEBE PAVLODAR» ҚБ, «Нұр-ана әлемі» ҚБ, «Кенжекөл жастары» ҚБ, «Қазақ аналары- дәстүрге жол» ҚБ сияқты бірлестіктер нәтижелі іс атқаруда, - дейді өңірлік ақпарат және қоғамдық даму басқармасының басшысы Әлнұр Сейдуманов,

Қоғамдық ұйымдар былтыр 212,8 млн теңге, биыл 227 млн теңге әлеуметтік мемлекеттік тапсырысқа ие болған.

ҮЕҰ-дар мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыруға өз үлестерін қосуда. Атап айтқанда азаматтық белсенділікті дамыту, қайырымдылық іс-шараларын жүргізу, экологиялық мәселелерді көтеру, қазақ халқының салт-дәстүрлерін насихаттау, ұлтаралық келісімді нығайту және басқа да көптеген мәселелерді шешуге өздерінің қомақты үлесін қосып келеді.

Еске сала кетейік, Перизат Қайраттың «Biz birgemiz Qazaqstan 2030» қоғамдық бірлестігі таратылды.