Павлодар облысындағы мәслихат жер салығын заңсыз көтерген
ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Ақсу қалалық мәслихаты ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерге салынатын базалық салық негізсіз түрде 10-нан 50% - ға дейін ұлғайтылған. Бұл туралы ҚР Бас прокуратурасынан хабарлады.
«Павлодар облысындағы Ақсу қалалық мәслихаты ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерге салынатын базалық салықтық мөлшерлемелерін негізсіз түрде 10-нан 50%-ға дейін ұлғайтқан. Салық кодексінің талаптары бойынша жердің осы түріне мөлшерлемені көтеруге жол берілмейді. Осыған байланысты Ақсу қаласының прокуратурасы мәслихат шешіміне наразылық білдірді. Нәтижесінде салық міндеттемелері төмендетілген 760-тан астам кәсіпкерлердің құқықтары қалпына келтірілді. Бұған дейін Баянауыл ауданының прокуратурасы аумақтық мәслихаттың 650-ден астам бизнес субъектілерінің құқықтарын қозғайтын осындай шешіміне наразылық білдірді», - деп мәлімдеді Бас прокуратурадан.
Еске сала кетейік, Павлодар прокурорлары ауызсу тарифін заңсыз көтерген кәсіпорынды жазалады.