Павлодар облысындағы тұрмыстық қалдықтардың қаншасы қайта өңделеді
ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Ертіс-Баян өңірінде жыл сайын шамамен 300 мың тонна коммуналдық қалдықтар жиналады. Аймақта автокөлік шинасы, пластик, қағаз және тағы басқа қалдықтар қайта өңделеді.
Павлодар облысы экология департаментінің мәліметінше, өңірде жыл сайын тұрмыстық қалдықтардың үштен бірі қайта өңделіп отыр.
— Өңір аумағында жыл сайын шамамен 300 мың тонна коммуналдық қалдықтар түзіледі. Оның ішінде 100 мың тоннасы қайта өңделеді. Яғни бұл бойынша пайыздық көрсеткіш бойынша — 33%, — деп хабарлады Kazinform тілшісіне экология департаментінің басшысы Қанат Мұсапарбеков.
Мәселен, Павлодар қаласындағы полигон аумағында «Попов» ЖК кәсіпорны пластикалық қалдықтарды сұрыптау және қайта өңдеу жұмыстарын жүргізеді. Нәтижесінде қоқыс қаптары мен пластик түйіршіктері өндіріледі. Ал «Бейсембаев» ЖК пластик қалдықтарын қайта өңдеп, қайталама шикізат негізінде тазалау техникасына арналған щеткалар шығарып отыр. «KazEcoProm» ЖШС құрылыс қалдықтарын жинау, сұрыптау және қайта өңдеу жұмыстарын жүзеге асырады. Кәсіпорын алаңында ұсақтау-сұрыптау қондырғысы, бетон ерітіндісін дайындау торабы және кірпіш өндіру цехы орналасқан. Қайта өңдеу нәтижесінде бетон блоктары, қиыршық тас және микрокремнезем түріндегі қайталама шикізат алынады.
«InterRubberRecycling» ЖШС және «ЭкоГолд» ЖШС пайдаланылған автокөлік шиналарын жинау, сұрыптау және қайта өңдеу жұмыстарын жүргізеді. Нәтижесінде резеңке үгіндісі, металл корд, тоқыма корд және резеңке-полимерлі плиталар түріндегі қайталама өнім өндіріледі.
«Гофротара зауыты» ЖШС макулатураны жинау және қайта өңдеумен айналысады. Өндірілетін өнімдер қатарында төрт қақпақты гофрленген қораптар, гофрленген науалар, қағаз пакеттер және жұмыртқаға арналған төсемдер бар.
Сонымен қатар, «Тандем ПВ» ЖШС пайдаланылған көлік аккумуляторларын жинау және бастапқы өңдеу жұмыстарын жүргізеді. Сондай-ақ түсті металдарды (қорғасын пастасы мен металл қорғасын) қайта өңдеу өндірісін жүзеге асырып келеді.
Еске сала кетейік, Павлодарда заңсыз 10 қоқыс үйіндісі анықталды.