Павлодар облысындағы жергілікті бюджеттің 55,4 пайызын 15 кәсіпорын қамтып отыр
ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Былтыр бұл компаниялар қазынаға жалпы сомасы 181,6 млрд теңге алым-салық төлеген. Ал облыстың биылғы бюджеті 550,6 млрд теңгені құрап отыр - деп хабарлайды Kazinform тілішісі.
Ірі салық төлеушілер қатарында «Павлодар мұнай-химия зауыты», «KAZ Minerals Bozshakol», «Богатырь Көмір», Екібастұз ГРЭС-1, ГРЭС-2, «Қазақстан алюминийі», «Ақсу ферроқорытпа зауыты», Ақсу ГРЭС стансасы, «Қазақстан электролиз зауыты», «Павлодарэнерго», «KSP Steel», «ERG Servise» «Жаңа Роса», «Восточный» кеніші, «Проммашкомплект» және басқалары бар. Жалпы саны 15 компания өңір бюджетінің 55,4 пайызын қамтыған.
Өңірдің шағын және орта бизнесі бюджетті 111 млрд теңгеге немесе 34,3% пайызға толықтырған. Сондай-ақ, жеке тұлғалар, яғни өңір тұрғындары облыстық бюджет қазынасына шамамен 2,8 млрд теңге немесе 0,9% пайыздық пайда әкелген.
«Өңірлік бөліністе қарасақ, облыс бюджетінің негізгі доноры Павлодар қаласы, ол жалпы табыстың 71,5%, екінші Екібастұз қаласы – 17,5% және одан соң Ақсу қаласы – 4,7% береді. Облыстың 3 қаласы бюджетке түсетін барлық түсімдердің 93,7%-ын қамтамасыз етеді. Ал, облыстың аудандары арасында ең үлкен табыс - Баянауыл және Железинге тиесілі» дейді Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов.
Облыс бюджеті 550,6 млрд теңгені құрайды. Оның ішінде, жергілікті кірістер - 323,3 млрд теңге немесе 58,7% пайыз. Ал өзгесі субвенция және республикалық бюджеттен қолдау - 227, 3 млрд теңге.
Бұл қаражаттың 47 пайызы білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт, әлеуметтік қорғау және халықты жұмыспен қамту салаларына бағытталып отыр.