Павлодар облысындағы жол белгілерінің 12 пайызы стандарттарға сай болмай шыққан

ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы былтыр Павлодарда 522 жол белгісін тексеріп, оның 61-і талапқа сай емес екенін анықтаған. Олардың көбі түнде жарыққа шағылыспайтыны белгілі болған.

Павлодар облысындағы жол белгілерінің 12 пайызы стандарттарға сай болмай шыққан
Фото: Мақсат Шағырбаев/ Kazinform

Өңірдегі автожолдардың бойындағы жол белгілері арнайы құрылғының – рефлектордың көмегімен тексерілген. Ұлттық сапа орталығы соңғы бір жылда 522 жол белгісін қарап шыққан.

– 61 жол белгісі мемлекеттік стандарттарға сай келмейтіні белгілі болды. Қазіргі таңда талапқа сай емес белгілер ауыстырылды, - деп хабарлады Ұлттық сапа орталығының мамандары.

Бұдан бөлек 264 километр жолдың ақ жолақтары да тексерілді. Мұнда стандарттан ауытқушылық анықталған байқалмаған.

– Жарық түскен кезде жол белгілері жарқырап көрінуі керек – бұл маңызды техникалық көрсеткіш. Көптеген жол-көлік апаттары белгілердің дұрыс көрінбеуінен болады. Әсіресе түнгі уақытта жолдағы қауіпсіздік үшін белгілер аса маңызды, - дейді орталық инженері Қуанышбек Рахманбердиев.

Еске сала кетейік, Павлодарда жол-көлік апатынан екі адам қаза тапты. 

Соңғы жаңалықтар