Павлодар облысының 10 өңірі жарықсыз қалды
«Қазгидрометтің» хабарлауынша кеше Павлодар облысындағы желдің жылдамдығы кей жерлерде секундына 37 метрге дейін жеткен. Салдарынан Павлодар қаласы мен 10 өңірде жарық өшіп, 5 ғимараттың төбе жабындылары ұшып кеткен, деп хабарлайды Kazinform.
Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі таратқан мәліметке сүйенсек, электр жарығының авариялық ажырауы Павлодар қаласынан бөлек, Аққулы, Ақтоғай, Баянауыл, Ертіс, Павлодар, Тереңкөл, Успен, Шарбақты аудандарында, Екібастұз бен Ақсудың ауылдық аймақтарында байқалды. Жалпы саны 117 елді мекен жарықсыз қалған.
Облыс орталығында электрмен қамтамасыз ету шаралары аяқталып қалса, өзге аумақтарда бұл жұмыс әлі де жалғасып жатыр. Сағат 11.00-дегі жағдай бойынша 69 ауылдық елді мекенге жарық қосылды. Авариялық қосу жұмыстарына 56 жөндеу бригадасы, барлығы 168 адам мен 56 техника жұмылдырылған.
Қатты желден Ақсу қаласындағы №7 мектеп пен Май ауданындағы Ақжар, Саты, Ақшиман ауылдық мектептерінің, Аққулы ауданы Қазы ауылындағы мәдениет үйінің шатырлары бұзылған. Қазіргі уақытта келтірілген залал есептеліп жатыр. Сондай-ақ облыс аумағы бойынша кеше түнде республикалық маңызға ие жолдардың 12 учаскесінде және облыстық жолдардың 11 бөлігінде шектеу енгізілді. Жолдар бойындағы жылыту пункттеріне 73 ересек пен 5 бала орналастырылған. Өткізу пункттерінде 108 техника аялдап қалды.
«Қазіргі уақытта республикалық маңызы бар жолдардың 2 учаскесінде ғана шектеу сақталып тұр, қалғаны ашық. Департаменттің құрылымдық бөлімшелерімен жолдан шығып кеткен бірнеше автокөлік шығарылып, 8 адам құтқарылды», - деп хабарлады Павлодар облысы төтенше жағдайлар департаменті дағдарыс жағдайларында басқару басқарма бастығы Асқарбек Омаров.
Кеше кешкілік Баянауылдың Жаңажол ауылдық округінде 1975 жылғы азамат боранда адасып, табылғаны туралы хабарлаған едік.
Еске салып өтейік, кеше Павлодар облысында барлық бағыттағы жолдар жабылып, көптеген елді мекендерде жарық өшіп қалды. Сонымен қатар дүлей дауылдың салдарынан Павлодарда 52 млн теңгенің шыршасы құлап қалған болатын.